Әскери әлеуетіміз қандай?
Әскери әлеуетіміз қандай?
276
оқылды

Жиынға Президент Әкімшілігінің басшысы Б.Сағынтаев, Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қ.Қасымов, Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә.Смайылов, Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы қатысты.

Қазақстан Президенті – Жо­ғар­ғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының тұрақ­ты қолдауының арқасында Қазақ­стан­да ықшам, мобильді және со­ғысқа қабілетті армия құрылды. Оның негізгі миссиясы – мем­ле­кеттің егемендігі мен аумағының тұтастығын қорғау екенін айтты.

– Қарулы Күштердің бас­шы­лық құрамының алдында болып жат­қан өзгерістерге бейімделу ғана емес, сондай-ақ алдын алу жұ­мыстары тұр. Бұл қауіп-қа­тер­лерге жан-жақты талдау жасауды талап етеді. Бүгінде біз геосаяси қай­шылықтардың шиеленісе түс­кеніне, жаңа қақтығыстардың пайда болғанына куә болып отыр­мыз. Әскери іс-қимылдарды жүр­гізудің формалары мен тәсілдері өз­герді, дәлдігі жоғары қарулар мен басқа да заманауи қару-жа­рақ­тардың үлесі артты. Сон­дық­тан, мен «Айбалта» оқу-жаттығуы ке­зінде Қорғаныс министріне Қа­рулы Күштерді құру және да­мыту тұжырымдамасына тиісті өзгерістер енгізу жөнінде тапсыр­ма бердім, – деді Қазақстан Президенті.

– Ең алдымен, қару-жарақ­тар­ды технологиялық тұрғыдан же­тілдіру және жаңғырту есебінен әс­кери әлеуетті одан ары нығайту­ды қамтамасыз ету қажет. Кешенді қайта қарулану аясында әскер қару мен техниканың заманауи үлгі­лерімен қамтамасыз етіледі. Қа­рулы Күштер басшылығы та­бандылық танытып, дәйекті әрі жүйелі тәсіл қолдануы және қар­жы­лық тәртіпті сақтауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті жауын­герлік дайындықтың деңгейін кө­теру мен шұғыл әрекет ету, әс­кери білім беру жүйесін жетілдіру мәселелеріне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, оқу-жаттығу бағ­дарламалары түрлі жағдайлар­ды, ұрыс жүргізудің заманауи фор­малары мен әдістерін, қару-жа­рақ пен техниканың жаңа түр­лерін үйретіп, қолдануы тиіс.

– Мамандарды даярлау және әс­кери-патриоттық тәрбие беру ісін­де болашақ әскери инженер­лер­ді, ІТ мамандарын, роботты тех­никаларды, жасанды интеллект бойынша мамандарды тәрбиелеп шы­ғару керек. Олар – SMART деп ата­латын буын. «Жас сарбаз» қоз­­ғалысының базасында, әсіресе, фи­зика-математика бойынша те­реңдете оқытылатын мек­теп­тер­де SMART-SARBAZ үйірме­ле­рін құруды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы келесі ап­таға жоспарланған бітімгерлік жө­нінде өтетін форум, алдағы уа­қытта Қазақстанның белсенді бітімгер мемлекет ретіндегі мәр­тебесін арттырып, бұл бағыттағы әлеуетіне тың серпін беретінін жет­кізді. Оның айтуынша, Қазақ­стан жаяу әскерлерді ғана жібер­мей, БҰҰ бітімгерлік миссиясына қажет инженер-сапер, бар­лаушы, дәрігерлер құрамы және бас­қа да бөлімшелерді жіберу ар­қылы көкжиегін кеңейтуі қажет.

Отырыс барысында Қасым-Жо­март Тоқаев әскери тәртіп пен әс­керилердің рухын күшейту, олар­ды әлеуметтік тұрғыдан қам­тамасыз ету деңгейін көтеру қа­жет­ін атап өтті.

Жоғарғы Бас қолбасшы іс-ша­радан соң Қорғаныс министр­лігі­нің стратегиялық басқару ор­­та­лығының жұмысымен та­ныс­ты.