Мәдениет министрлігі елдегі музейлер мен қалашықтарға 3D форматта экскурсия жасауға шақырды. Үйде отырып-ақ мәдениетті танып, ұлттық мұраны дәріптеуге болады. Жауапты министрліктің мәліметінше, Бозоқ, Сарайшық, Сауран және Отырар қалашығы, сондай-ақ Берел және Есік қорғандары сияқты тарихи-мәдени орындарға, музейлер мен музей-қорықтарды онлайн режимде аралауға болады. Аталған орындардың сайтында 3D форматта экскурсия, онлайн серуен режимі, сондай-ақ бейнероликтер, бейнеэкскурсиялар, онлайн дәрістер, бейнесабақтар және тағы басқа іс-шаралар бар. Сонымен бірге министрлік өткізген брифингте осыған дейін өткен онлайн экскурсиялардың нәтижесі жарияланды. Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, музей-қорықтар қысқа уақыттың ішінде 150-ден астам онлайн шара өткізген. Оны 100 мыңнан астам көрермен тамашалаған. Мұның ішіндегі ерекше жобалардың бірі – Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер галереясы әзірлеген есту қабілеті төмен азаматтарға арналған арнайы бейнеэкскурсия. Жалпы, елімізде 18 мыңнан астам есту қабілеті бұзылған адам бар. Ал бұл шара оларға керемет мүмкіндік тудырып, жағымды эмоция сыйлады. Сондай-ақ зағип және нашар көретін азаматтар да осындай қамқорлықтан шет қалған жоқ. Оларға арналған кітапхана карантин кезінің өзінде 25-тен астам шығарманы әлеуметтік желіге жариялады. Брайль шрифті бойынша 130-дан астам кітап, аудиокітап пен Абайдың шығармалары ұсынылды. Жас жеткіншектердің ой-өрісін кеңейту, көңілін көтеру мақсатында түрлі онлайн конкурс ұйымдастырылған. Солардың ішінде таңдаулысы – «Өнерлі өрен» республикалық онлайн байқауы. Балалардың қызығушылығы сондай, қатысу үшін 500-ге жуық өтініш түскен. Министрлік өкілі осы ретте классиктердің, соның ішінде Абайдың шығармалары өте танымал екенін атап өтті. Оның айтуынша, әлеуметтік желіде жалғасып жатқан конкурсты бір уақытта 28 мың көрермен тамашалайды. Ал өрендердің өнерін кәсіби әртістер мен ақындар бағалайды.
Айбек АЙДАР