Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен Білге Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуге шешім қабылданған болатын. Осыған орай, Түркі академиясы «Тоныкөк жылын» ресми ашық деп жариялап, «Ұлы дала өркениеті: Тоныкөк мирасы және қазіргі түркі әлемі» атты халықаралық онлайн видеоконференция өткізді.
Тікелей бейнебайланыс форматында өткен конференцияға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ЮНЕСКО Бас конференциясы 40-сессиясының төрағасы Ахмет Алтай Дженгизер, ЮНЕСКО Азия және Тынық мұхиты бөлімінің бастығы Андрей Шевелев, ТүркПА бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Халықаралық Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Гүней Эфендиева, Түрік тілі қоғамының төрағасы, профессор Гүлер Гүлсевин, Түркі кеңесінің Мажарстан өкілдігінің басшысы Янош Ховари, ТЮРКСОЙ бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджи, Моңғолия Ұлттық музейінің директоры Дагваадорж Сүхбаатар, Анкара қаласы Мамак ауданының басшысы Мурат Косе, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының бірінші вице-президенті Иса Габиббейли, сонымен қатар АҚШ, Әзербайжан, Мажарстан, Германия, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Моңғолия, Өзбекстан, Түркия және Ресей мемлекетінен танымал түрколог ғалымдар қатысты.
Бұған қоса жиынға әлемнің көптеген еліндегі зерттеушілер онлайн режимде тыңдаушы ретінде қатысып, әлеуметтік желі қолданушылары тікелей эфир көрсетілімдері арқылы тамашалады. Алқалы басқосуды жүргізіп отырған академия басшысы Дархан Қыдырәлі қатысушыларға ризашылығын білдіріп, алғашқы сөзді Ахмет Алтай Дженгизер мырзаға берді. Өз сөзінде Білге Тоныкөк мұрасының әлемдік өркениет үшін маңызы зор екенін атап өткен ол осы тұрғыда академияның бастамаларын жоғары бағалайтынын білдірді.
Сонымен қатар құттықтау сөз алған халықаралық әріптес ұйымдардың басшылары мен өкілдері Тоныкөк ескерткіші мерейтойының ЮНЕСКО аясында атап өтілуі бауырлас халықтардың мерейі ғана емес, әлемдік мәдениеттегі елеулі жаңалық екенін айтты. Мәртебелі меймандардың құттықтау сөздерінен кейін қатысушыларға Түркі академиясы әзірлеген Bilge Tonyquq жинағы таныстырылды. Тоныкөк ескерткіші мәтінінің 12 тілдегі аудармасы топтастырылып, ғылыми транскрипциясы қоса берілген бірегей басылымның лентасын Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық студия-залынан қатысып отырған белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков қиып, оқырманға құтты болсын айтты.
Бұдан кейін конференцияның жалпы отырысы басталып, есімі елге белгілі түркологтар мен ғалымдар Осман Фикри Серткая (Түркия), Тимур Коджаоғлу (АҚШ), Иштван Зимони (Мажарстан), Кадыралы Конкабаев (Қырғыз Республикасы), Женгиз Айылмаз, Ахмет Ташағыл (Түркия), Виктор Бутанаев (Ресей), Ирина Невская (Германия), Юлай Шамилоғлу (АҚШ), Эрхан Айдын (Түркия), Ғайболла Бабаяров (Өзбекстан) мағыналы баяндамалар жасап, пайымды пікірлерімен бөлісті. Өз кезегінде Моңғолия Ұлттық музейінің басшысы Д.Сүхбаатар музейдегі Тоныкөкке қатысты экспонаттарды арнайы таныстырды. Конференцияны қорытындылаған академия басшысы Дархан Қыдырәлі академияға мүше елдерде биыл жыл бойы Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығына арналған шаралар өтетінін айтты. Сонымен қатар ол Моңғолия тарабының бастамасын қолдай отырып, Тоныкөк мұраларын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралары тізіміне енгізуді ұсынды. Қатысушылар алғаш рет тікелей бейнебайланыс арқылы бірнеше тілде ілеспе аудармамен ұйымдастырылған ауқымды халықаралық конференцияның сәтті өткеніне ризашылығын білдіріп, академия жұмысына табыс тіледі.