Сенат төрағасы, Еуразиялық медиафорумның ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева Алматыда, форум аясында бірқатар кездесулер өткізді.
Сенат төрағасы медиафорумның арнайы мейманы – Армения президенті Армен Саркисянмен кездесуі барысында екіжақты ынтымақтастықты одан ары нығайту мәселелерін талқылады. Тараптар Парламент Сенаты мен Армения Ұлттық жиналысының достық тобының депутаттары арасында таяуда болған кездесудің маңызына екпін түсірді, онда екі елдің заң шығару органдары арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету туралы уағдаластыққа қол жеткен болатын.
Армения президенті ірі халықаралық БАҚ құрылымдарының өкілдері мен халықаралық деңгейдегі сарапшылар бас қосатын Еуразиялық медиафорумның әлеуеті зор екенін жеткізді.
Дариға Назарбаеваның Euronews-тің әріптестік және әртараптандыру жөніндегі аға вице-президенті К.Оикономумен кездесуі барысында ЕАМФ пікірсайыстарының маңызы мен оның өсіп келе жатқан беделі атап көрсетілді.
«Біз ашық пікірлесу ымырасыз ұстанымдарды жақындастыруды, өзара түсіністік пен төзімділікке ықпал етуін, ортақ мәселелерді шешу үшін күш-жігерді біріктіруді қалаймыз», – деді Еуразиялық медиафорум ұйымдастыру комитетінің төрағасы Д.Назарбаева.
Ол Ресейдің Федерация кеңесінің халықаралық істер комитетінің төрағасы Константин Косачевпен жүздесуі барысында әлемдік медиакеңістігіндегі осы форумның рөлін сөз етті.
Д.Назарбаева Ресейдің Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенконың ЕАМФ қатысушыларына құттықтау сөзін арнағаны үшін және өзі форумға қатысқаны үшін К.Косачевке алғыс айтты. Құттықтауда өзекті мәселелер жөніндегі форумның пікірі Еуразия аясынан тыс жерлерде естілеріне сенім білдірілген болатын.
Жүздесушілер өзара тиімді ынтымақтастықтың теңдесі жоқ әлеуетіне назар аудартты. Парламентаралық үнқатысу туралы айта келе, олар Парламент Сенаты мен Федерация кеңесінің салалық комитеттері арасындағы ынтымақтастықтың тиімді сипатына тоқталды және Қазақстан мен Ресей парламенттерінің жоғарғы палаталары арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның жұмысы нәтижелі болып келе жатқанын тілге тиек етті. Комиссияның 14-отырысы 24-25 мамырда Алматыда өтеді.