Желідегі жәрдем сұрағандарға жеке нөмерін берді – Bizbirgemiz
Желідегі жәрдем сұрағандарға жеке нөмерін берді – Bizbirgemiz
148
оқылды
Bizbirgemiz республикалық қорынан 50 мың теңге кімдерге беріліп жатыр? 42500 теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік көмек қалай тағайындалуда? Коммуналдық төлемдерге белгіленген 15000 теңгені алудың жолы мен тәртібі қандай? Бүгінде бұл бұқара арасында ең көп талқыланып жатқан сауалдар екені жасырын емес. Осыған орай, Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев Facebook және Instagram әлеуметтік парақшасы арқылы тікелей эфирге шығып, осы және өзге де сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Ең алдымен Балабек Жанбекұлы алты құрлыққа ауыз салған әлемдік пандемия кезінде партия тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып кетті. Сонымен қатар, Bizbirgemiz республикалық қорынан «Birgemiz – Jambyl oblysy» қорына 373,6 миллион теңге түсіп, 7473 адамға 50 мың теңгеден көмек берілгенінен хабардар етті. Бұдан бөлек төраға орынбасары кәсіпкер және жомарт жандардың арқасында аз қамтылған отбасыларға азық-түлік түріндегі де көмектер көрсетіліп жатқанын жеткізді. Мұндай игі бастамаға үн қосып жатқан барша демеушілерге алғысын білдіріп, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, партия бірде-бір мұқтаж азаматты назардан тыс қалдырмайтынын тілге тиек етті. Сұрақ-жауап кезеңіне кезек берілгенде көпшілік тарапынан ағылған сұрақтардың қарасы қалың болды. Ең алдымен Gulziya986 аккаунтымен тіркелген қаракөзіміз көпбалалы, әрі жалғызбасты ана екенін айтып, 50 мың теңгенің не себепті оған берілмегенін сұрады. Бұл сауалға Балабек Жанбекұлы 50 мың теңгелік әлеуметтік көмек алатындардың тізімі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесе бекітілгенін жеткізді. Және аталған әлеуметтік төлем аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедек баланы қараушылар, асыраушысынан айырылған балалар, ең төменгі зейнетақы алушылар және Ұлы Отан соғысының ардагерлері сынды жеті санаттағы азаматтарға тағайындалатындығын тағы бір рет түсініпдіріп кетті. Сондай-ақ сұрақ жолдаған азаматшаға алдағы уақытта 50 мың теңгені тағайындаудың екінші кезеңі келе жатқанын, сол сәтте оның өтініші жіті қаралатындығын жеткізді. Келесі кезекте Irina061275 аккаунтындағы желі қолданушы «мектеп асханасында балалары тегін тамақтанатын отбасыларға азық-түлік себеті беріле ма?» деп сұрады. Балабек Нарбаев қазіргі таңда ең мұқтаж жандарға алғашқы көмек көрсетіліп жатқанын, десе де бұл мәселе де партияның бақылауында тұрғанын айтты. Ал Гүлфайруз Құлжабаева есімді қала тұрғыны көпбалалы ана ретінде тізімде бар екенін, алайда 10 күннің бедерінде 50 мың теңге түспегенін айтты. Балабек Жанбекұлы егер азаматша тізімде болса, алдағы уақытта міндетті түрде төлем түсетінін жеткізді. Осы ретте спикер көп азаматтарға 50 мың теңгені аудару қиынға соққанын жасырмады. «Бірлердің есепшоты дұрыс болмаса, екіншілердің мекенжайы ауысып кеткен. Міне, осы сынды кедергілердің бәрін еңсеріп, қолдан келгенше төлемді жеткізіп беріп жатырмыз. Сондықтан халық сәл сабырлық етсе екен деп сұранамын»,- деді партия өңірлік филиалы төрағасының бірінші орынбасары. Тікелей эфир кезінде бұдан бөлек «50 мың теңгені бір алғандар, екінші рет ала ала ма?» деген сауал болды. Балабек Нарбаев Тараз қаласында қазіргі таңда 400 мыңға жуық халық тұратынын, ал партия тек ең мұқтаж 7473 азаматтың өтініш қанағаттандырғанын, сол себепті келесі төлем өзге азаматтарға берілетіндігін түсіндірді. Сондай-ақ спикер Республикадан бекітілген талап бойынша 50 мың теңгені тек қала тұрғындары ғана ала алатындығын айтып, аудан жұртшылығы тарапынан қойылған сансыз сауалдарға нақты жауабын берді. Тұрғындар тарапынан 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемге қатысты да көп сұрақ қойылды. Партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары бұл жұмыстар да бекітілген тәртіппен жүргізіліп жатқанын тіліне тиек етті. Ал 15 000 теңгелік коммуналдық төлемді тек жеке басында үйі бар азаматтар ғана ала алатындығын түсіндірді. Десе де, Балабек Жанбекұлы жағдайы төмен отбасылардың дені жалдамалы пәтерде тұратындығын партия түсінетіндігін, сондықтан бұл төлемді пәтердің иесімен келісе отырып, коммуналдық төлемге аудару жағын келісуге кеңес берді. Эфир барысында партия жұмысын сынағандар да болды. Бірақ Балабек Нарбаев бұл дұрыс емес тірлік екенін түсіндірді. «Үйде отырып партияның жұмысын сынау дұрыс емес. Соны жазып отырған адамдар өздері мемлекет үшін не істедім деп ойлануы керек. Кемшілік жоқ емес, бар. Алайда жасалып жатқан жұмыстарды да бағалау қажет. Nur Otan партиясы мемлекет тарапынан қаржыланатын ұйым емес. Біз демеушілер мен кәсіпкерлердің тілін тауып, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп жатырмыз. Сондықтан әртүрлі арандатушылыққа ұрынып қалмай, жасалып жатқан қыруар жұмысты да көре білген жөн», – деді Б.Жанбекұлы. Расында партия тарапынан жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Оны тікелей эфирде бағалап, алғыстарын айтқан ағайын да аз болмады. Мәселен Ерлан Сейдәзім есімді қала тұрғыны осындай қиын кезеңде ешкімді елеусіз қалдырмай, азық-түлік пен қаржылай қолдаумен қамтамасыз еткен Nur Otan партиясына алғысын айтса, Қымбат Асылханова есімді азаматша 50 мың теңгені алғанын қуанышпен жеткізді. Сондай-ақ аудан тұрғындарынан да ағылған ақ тілек пен алғыстардың легі толастамады. Ал ең баса айтатындығы, Түркістан мен Алматы облысынан да тұрғындар байланысқа шығып, көмек қолын созуды өтінді. Балабек Нарбаев олардың мәселері бойынша аталған өңірлердегі әріптестеріне хабарласып, барынша көмектесетіндігін жеткізді. Тағы бір қызықты жайт – тікелей эфир барысында әлеуметтік төлем немесе азық-түлік түріндегі көмекті көршісі алып қойғанын қызғанып, жазғандар да кезікті. Ал тағы бір азаматтар көршілерінің аз қамтылғанын айтып, соларға көмек көрсетуді өтінгендері жүректі жібіте түсті. Екі сағатқа созылған тікелей эфир барысында бірін-бірі қайталаған сауалдар аз болмады. Балабек Жанбекұлы бұл тек бірінші тікелей байланыс екенін айтып, алдағы уақытта партия облыстық филиалы апта сайын кері баналысқа шығатынын жеткізді. Сондай-ақ барлық қойылған сауалдар назардан тыс қалмайтынын айтты. Ал желіде жәрдем сұрап, партия кеңсесіне аяғы жетпей жатқан халыққа партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары жеке ұялы телефонының нөмірін берді.

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы