Елдік үшін күрескен Сартай батыр
Елдік үшін күрескен Сартай батыр
431
оқылды

Қазір қазақ елі – абыройы артқан, төрткүл дүниені мойындатқан тәуелсіз мемлекет. Сол егемен­діктің жолында қазақ бабам не көрмеді десеңізші. Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Әсі­ресе, өткен ғасыр қа­зақ халқына ауыр тиді.

Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мыз­ғымас тірегі. Халықтың алтын діңгегі, бақ жұлдызы. Енді сол басқа қонған бақытты бағалап қызғыштай қорғауымыз керек. Қазақ елінің тұтастығы, ұлттың дамуы мен тәуелсіздігі үшін күрескен тарихи тұлға – батыр әрі би Сартай Байжанұлы. Туған жердің әр жеріне жан беріп, жан алысқан бабалар ерлігін әр­дайым еске алып, кейінгі тол­қын­ға аманаттап отыру – парыз. Ұлтымыз үшін ауыр сын болған ұлт тарихында мәңгілікке қалуы тиіс айтулы оқиғалардың бірі – Бұланты шайқасы. Егер Бұланты мен Аңырақай шайқас­тары болмаса, қазақ ордасы осыдан жүз жыл бұрын мүлде тозып, құрып кеткен Ноғай Ордасының кебін киер еді.

XVIII ғасырдың 20-жылдары қазақ үшін қасіретті кезең болды. Жан-жақтан бөрідей ұмтылған жоңғар-қалмақтар халықты қырғынға ұшыратты. Жоңғарларға қарсы алғашқы ірі шабуыл Ұлытау аумағында, Бұланты мен Білеуті өзендерінде болды. Бұған үш жүздің барлық әскері қатысты. Жауға алғаш соқ­қы Сарысудың батыс жаға­лауында Шұбартеңізде берілді. Қазақтардың екпіні қатты еді. Жау амалсыз аттың басын кері бұрып, Білеутіге қарай шегінді. Осы кезеңде кіші жүз биі Бай­жан баласы Сартай батыр Әбіл­хайыр ханның жасағын іздеп шыққаны былай сурет­теледі:

Қозы жауырын қу жебе,

Сартайдың қолында

Дула деген ағасы,

Келе жатыр оңында.

Қайып ерен қырық шілтен,

Сартайдың тобында.

Мінген аты Шалғасқа,

Мың баласы соңында.

Қолына сауыт бөктелген,

Кимейді жаудың жоғында.

Жарқырайды сары жез,

Қозы жауырының оғында

Анталап олар келеді,

Ұлы жорық жолында.

Әбілхайыр сол сапар,

Ақсұңқар құстай түлеген

Кілең тұлпар мінгені

Тап көз сауыт кигені

Іздегені батырлар

Үзенгіде шіренген

Аттың асыл әбзелі –

Алтындаған жүгеннен

Кейде тартып ат басын

Ауық-ауық жіберген

Неше ұдайы жол шекті

Азамат қайтпас жігермен

Қазақтың қалың әскері

Бұланты деген бұлаққа

Осылай келіп тірелген

Алдында қалың жау тұрды

Қара бұлттай түнерген

Зеңбіректер зіркілдеп

Алысқа дабыл жіберген.

Бір айта кетерлігі, жоңғарлар мылтықты сатып, тартып алу­мен қатар, оны өздерінде жа­сауды қолға алған. Ал қазақтың мылтыққа, зеңбірекке қарсы қол­данғаны айбалта, садақ, найза, қылыш еді. Бұланты шай­қасы бұл азаттық жолын­дағы Ұлы Отан соғысы болды. «Барша қазақтың әр қимылында ел сүйгіштіктің айқын белгісі болмаса, Отанымызды үлкен қатер күтіп тұр» деп, Сартай ата­мыз осыдан үш ғасыр бұрын бекер айтпаған. XVIII ғасырда Каспий теңізінен Алтайға дейін жайылған қазақ даласында ұлтымыз үшін қиын-қыстау сы­нақ жылдары болып, ел басына «ел болу, не табанға түскен құл болу» күні туды. Сондықтан Байжан би мен Бүкірек батыр және ел арыстары Сартайдың талабын қолдап, «Жүзге бө­лінгеннің жүзі күйсін» деп үш жүздің басын қосу үшін барлық қазақ рулары арасынан «елім, жерім, қазағым» деп жанып тұрған, өжет, тапқыр, ақылды, қайратты жігіттерді іріктеп алып, қол жинап жаттықтыруды жолға қойған. Оған аянбастан тер төгіп, бірлесе атсалысқан. Байжан би Сартайдың бала кезінен ширақ, буыны қатты, атқа үйір болуына байланысты, оған «Шалғасқа» атты ақ қасқа құлынды атап, шабандоздыққа баулыған. Бұл құлын Сартаймен бірге талай шабыстардан өтіп, жауға шабар атына айналған. Сартай алтыға келгенде әкесі «Сен азамат болдың, болашақта елді қорғайтын нағыз батыр боласың» деген сеніммен ше­берлерге күміспен көмкерілген ер жасатып, қамшы өргізіп берген. Қазіргі кезде бұл құнды дүние, яғни «ашамай» ер батыр­дың ұрпақтары Көкебай Қуа­назардың қолынан өтті. Орал қаласындағы өлкетану музейі­нің «Алтын орда» залында кө­рермендер назарына ұсынылып отыр. Әкесі Байжан Сартайды жастайынан «өмір көрсін, айналасын біліп, дербес шешім қабылдап үйренсін» деп жаны­нан тастамаған. Сауатын ашсын деген ниетпен сол кездегі білім көзі діни оқуға оқытқан, ел арасындағы халық мүддесіне қатысты өткізілетін жиындар­дан қалдырмай ертіп жүріп, ой мен тіл жүйріктігіне баулыған.

Ел азаматтары Сартайдың жастайынан ересек адамдай ақылына, еңбекқор табан­ды­лығына, қарудың барлық түрін еркін қолданып, ат құлағында қас батырдай ойнайтынына таңғалып, бұл баланың бола­шағы зор болатынына кәміл сенген. Ел қадірлісі Байжан би үзеңгілес досы Бүкірек батырға «Сартайымыздың қасына жас біткенді топтастырып, оларды хас батыр қылып тәрбиелеуді қолға алсақ қалай болады?» дегеніне Шыңғысхан тұқымы Бүкірек батыр «ертең Ота­нымызды қорғайтын – осылар, оларға соғыс өнерін үйретуді өзім қолға аламын» деген екен. Әкесі Байжан бидің даналығы: «егер ұлт болашағын ойласа, жастарды дүниеге келгеннен отбасын, елін сүйетін, жан-жа­ғын сыйлайтын адам етіп тәр­биелеу қажет. Өйткені бола­шақта қазақ жерінде өмір сү­ретін де, оны қорғайтын да – осы жастар. «Ер намысы – ел намысы», «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген сөз­дер жайдан-жай шықпаған» деп айтатын. «Нағашы жұрттың жақсылығына сүйенеді, жаман­дығына күйінеді» дегендей, Сартайдың нағашылары да тегін адам емес екені белгілі. Олар табын руынан шыққан атақты Бөгенбай мен Есет батыр болатын. Сартай сол кездегі ұлтымызға төнген қауіпті, елдің даму жағдайын, бабалары­мыздың жетік тәрбиесін зерт­теп, ұлттың жерін аман алып қалу үшін ең бірінші қазақ арасында татулық, бірлік керегін, жауды толық жеңу үшін шағын топ емес, үш жүздің батырларынан құралып, арнайы дайындықтан өткізілген әскер жасақтау қажетін талқыға сал­ған. Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізуге атсалысқан Сартай батыр мен «Мың бала» ерлік­терін көрсету арқылы халықты патриоттық, отансүйгіштік сезімге тәрбиелей отырып, әлем жастары бір көруге армандайтын еліміздің төрінде қазақ батыры Сартай Байжанұлы бастаған «Мың бала» жорығына қатысты ескерткіш орнатылып, әр облыс пен қалалардың көрнекі жері­нен көше атаулары беріліп, білім мен тәрбие беру ошақта­рында олардың ерлігі мен өмір жолдары дәріптелуі тиіс. Елі­міздің тәуелсіздік алып, еңсесін тіктеуі бабалар рухына деген құрметімізді бұрынғыдан да арттыра түсу қажет. Сартай атамыз бір ғасыр өмір сүріп, 1818 жылы өмірден озған, бейіті қазіргі Қызылорда облысы, Қазалы ауданында 63 шақырым жердегі Қызылқұмдағы діни ұстазы Қасымқожа мен Жалаң­төс батыр ұрпағы Дәулет бақ­сының жанында орын тепкен.

 

Орынбек ҒАНИБАЙҰЛЫ,

Индира ЕЛУБАЙҚЫЗЫ