Миллионмен келген қуаныш
Миллионмен  келген қуаныш
266
оқылды

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында «Рухани қазына – 2019» фестивалі өтті. Іс-шара соңында мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлері марапатталды.

«Рухани қазына – 2019» мәде­ниет және өнер саласы қызмет­керлері күніне орайластырып өткізілді. Фестиваль 19-22 мамыр аралығында өтіп, қорытындысы Ұлттық музейдегі салтанатты кеш­ке ұласты. Сала үздіктері ашық дауыс беру арқылы анық­тал­ды. Музей ісі, кітапхана ісі, мә­­дениет үйі категориясы бойын­­ша жеңім­паздарға диплом, фес­тиваль статуэткасы және 1 мил­лион теңге бұйырды. Соны­мен қатар үздік қызметкерлерге 500 мың теңге көлемінде жүлде берілді.

«Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік музей» аталымы бойынша Г.Потанин атындағы Павлодар облыстық өлкетану музейі марапатталды. Лисаков жоғарғы Тобыл тарихы мен мәдениет музейі «Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар музей» аталымы бойынша жеңіске жетті. «Үздік аудандық маңызы бар мемлекеттік музей қызметкері» аталымына Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығының ақпараттық-білім беру бөлімінің меңгерушісі Шы­нар Кәрібаева ие болды. «Батыр бабалар» мемориалды музейінің меңгерушісі Әлім Орын­басар «Үздік аудандық маңызы бар мемлекеттік музей қызметкері» аталымында жеңіске жетті.

«Үздік облыстық маңызы бар кітапхана» аталымы бойынша С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы жеңіске жетті. Талас аудандық кітап­ханасы «Үздік аудандық (қалалық) маңызы бар кітапхана» номинациясында топ жарды. «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана» аталымында жеңіске жеткен Ақкиізтоғай ауылдық кітапхана қызметкерлерінің қуа­нышында шек болмады. Батыс Қазақстан облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арнал­ған арнаулы кітапхананың еңбегі еленіп, «Үздік облыстық маңызы бар зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана» атанды. Сондай-ақ кітапхана басшысының орын­басары Ләззат Қуантаева «Үздік облыстық маңызы бар зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана қызметкері» деп танылды. «Үздік облыстық маңызы бар кітапхана қызмет­кері» аталымына Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім жетекшісі Қалдыгүл Дос­мағанбетова ие болды. Зеренді орталық аудандық кітапхана қызметкері Гәкку Ғабдулманова «Үздік аудандық (қалалық) маңы­зы бар кітапхана қызметкері» атанды. «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана қызметкері» ата­лымын Талдықорған қал­асының Орталықтандырылған кітапха­налар жүйесі Өтенай ауылдық кітапханасының қызметкері Гүлнархан Сейлханова иеленді.

«Үздік облыстық халық шы­ғар­машылығы орталығы» аталы­мына Қызылорда облыстық ха­лық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орта­лығы ие болды. Батыс Қазақстан облысының Бөрлі аудандық демалу орталығы «Үздік аудандық (қалалық) мәдениет үйі, мәдениет сарайы» аталымында жеңіске жетті. «Үздік ауылдық мәдениет үйі, клуб» аталымында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер ауылдық мәдениет үйі марапатталды. Павлодар облыс­тық «Шаңырақ» халық шығарма­шы­лығы және мәдени-сауық қыз­мет орталығының бөлім мең­герушісі Аймагүл Бұзаубаева «Үздік облыстық халық шығарма­шылығы орталығының қызмет­кері» атанды. Ақмола облысы Ат­басар аудандық мәдениет үйінің «Родничок» балалар би ұжымының хореограф-репити­торы Виктория Манукян «Үздік аудандық (қалалық) мәдениет үйі, сарайының қызметкері» аталымында үздік деп танылды. Шығыс Қазақстан облысы Зай­сан ауданы Айнабұлақ мә­дениет үйі меңгерушісі Марина Ораз­бекова «Үздік ауылдық мәдениет үйінің, клубтың қызметкері» ата­лымына ие болды.

«Бізге бұл фестиваль үлкен қуаныш сыйлады. Нұр-Сұлтан қаласында, руханияттың шаңы­рағында бір-бірімізді таныдық. Жобаны жүзе асыруға атсалысып, жүлде қорын бөлген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына алғыс білдіреміз. Жүлдеге риза болып, шат-ша­дыман болып жүрген фестиваль қатысушыларына мың рақмет. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Еңбектің жемісін көріңіздер» деді Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Дәуренбекқызы.

Фестиваль жеңімпазы Ай­магүл Бұзаубаева «Ұлы философ әл-Фарабидің «Ісің алға бассын десең, өз ісіңнің маманы бол. Ал дәрежең өссін десең, көпшіліктің адамы бол» деген сөзі бар. Ра­сында, бүгін көпшіліктің арқа­сын­да марапатқа ие болып отыр­мын. Бұл – менің ғана емес, бүкіл Павлодар облысының, «Шаңы­рақ» орталығының жеңісі. Мә­дениет пен өнер саласы қыз­мет­керлерінің күні құтты болсын!» деп жүрекжарды лебізін білдірді.

«Рухани қазына» фестивалі осымен екінші рет өткізілді. Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен 250-ге жуық қатысушы келді. Фестиваль аясында пленарлық отырыс, Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің жанынан құрыл­ған жас жазушылар мен ақындар кеңесі отырысы, шеберлік сы­нып­тары өтіп, сұхбат алаңы құ­рылды. Алаңда музей, кітапхана және мәдениет үйлері қызмет­керлері тәжірибе алмасып, өзара байланыс орнатты. Фестиваль мә­дениет саласы қызметкерлерін ынталандыруды, өңірлік мәде­ниет ұйымдары имиджін ны­ғайтуды мақсат етті.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ