Тоғызқұмалақтан турнир өткізді

Тоғызқұмалақтан турнир өткізді

Қазақстан президенттігіне үміткер Сәдібек Түгелдің Алматы қалалық сайлауалды штабы тоғызқұмалақтан турнир ұйымдастырды. Турнир мақсаты – ұлттық құндылықтар қатарына жататын зияткерлік ойын түріне жас ұрпақтың ынтасын оятып, бұқаралық спорт түріне айналдыру. Турнирге кандидат Сәдібек Түгел де қатысты.

«Бұл жас ұрпақтың ой-өрісін дамытуға арналған ойын түрі болғандықтан, ресми ғана емес, бұқаралық сипатқа ие болса деймін. Осы бағытта ұлттық ойын түрлеріне баса көңіл бөліп келе жатқан «Ұлы дала қырандары» бірлестігі атынан кандидат Сәдібек Түгелдің сайлауалды бағдарламасында ұлттық құндылықтарды жас буын бойына дарытып, оларды ұлтжандылыққа тәрбиелеу, тіл мен діл, жер, ар-намыс мәселесін бәрінен биік қоямын деген ұстанымдары көңіліме қонады», – деді тоғызқұмалақтан Алматы қалалық федерацияның президенті Еркебұлан Халелов.

«Бұл – ежелден келе жатқан ұлттық ойын түрі. Ықылым заманнан бері атадан балаға үзілмей жалғасып келе жатқан бұл ойын түрін мектептерге денешы­нық­тырудан арнайы пән ретінде енгізсе, оның одан ары жанданатынына сенемін. Қазақстан президенттіне кандидат Сәдібек Түгел Алматыға келіп турнир ұйымдастырып, жастарға ұлттық зият­кер­лік ойынымыздың маңызын ұғындырып бергендей болды. Өзім осы турнирге арнайы келдім. Ат спорты ойындарын жоғары деңгейге шығарған Сәдібек Түгелдің тоғызқұмалақты да жаппай жас ұрпақтың айналысуына қызығушылық тудырып, дамытады деп ойлаймын», – дейді түркітанушы ғалым Рақымғазы Құсайынов.

Турнирге қатысушылармен бірге тоғызқұмалақ ойнап, оларды жеңіске жігерлендірген қоғам қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел болашақта ұлттық ойы­нымыздың бұл түрімен жас буын мектеп қабырғасында айналысып, бұқаралық сипатқа ие болуына «Ұлы Дала қы­рандары» РҚБ айрықша назар аудара­тынын жеткізді.

Еске сала кетсек, тоғызқұмалақ әлемдегі 150-ге жуық зияткерлік ойынның көшін бастап тұр. Ресми деректер бойынша, елімізде тоғызқұмалақпен айналысатындар саны 200 мыңнан асса, олардың 9 мыңдайы – кәсіби спортшылар, 190 мыңы – мектеп жасындағы балалар.

 

Айдана БЕГІМ