Көрермендер шағымынан кейін «Мумбаи отелі: Тайталас» фильмінің прокатқа берілген куәлігіннің алып қою туралы шешім қабылданды.
Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Фейсбук парақшасында жазды:
«Биыл қабылданған «Кинематография туралы» заңға сәйкес прокаттағы фильмдерді титрмен беру немесе дубляж арқылы мемлекеттік тілге аударуды кинопрокат құқығын иеленуші дистрибьютор қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік тілге кәсіби дубляж жасалған фильмдердің сирек кездесуінің себебін түсіндіруде дистрибьюторлар оның қымбаттығына сілтейді: дубляжға жұмсалған қаржы фильмнің Қазақстандағы көрсетілімінен түскен пайдадан асып түсуі мүмкін, сондықтан көбінесе титр арқылы аудармаға жүгінеді.
Өкінішке қарай, фильмдерді қазақ тіліне аударғанда кейбір кинокөрсетушілер тарапынан қателерге жол беріледі. Мысалы, «Мумбаи отелі: Тайталас» фильмінде осы жағдай кездесті. Көрермендерден түскен шағымдар негізінде аталған фильмнің прокатқа берілген куәлігін алып қою туралы шешім қабылдадық», – деп жазды министр.
Ол, әлеуметтік желідегі жазбасында кинопрокат құқын иеленушілерге фильмдерді мемлекеттік тілге грамматикалық қатесіз, мағынасын түсінікті етіп, көрермен ренішін тудырмайтындай етіп аударуды өтінген.
«Қатаң шара қолданғымыз келмегенмен, «Кинематография туралы» заңның іске асуы біз үшін өте маңызды. Сіздер түсіністікпен қабылдайды деп сенемін», – дейді А.Мұхамедиұлы.