Бүгін Қазақстан Президенті төтенше жағдай режиміне байланысты мәлімдеме жасады. «Елімізде жолаушыларға арналған барлық әуе тасымалы тоқтады. Бұл дер кезінде қабылданған дұрыс шешім болды. Дегенмен, салыстырмалы түрде жағдайдың тұрақтанғанын ескеріп, Үкімет 1 мамырдан бастап Елорда мен Алматы арасындағы рейстерді ашатын болды. Мұндай шара азаматтармен қатар індетпен күресіп жүрген көптеген мамандардың жұмысы үшін қажет. Барлық қауіпсіздік шараларын мұқият ойластырып, авиациялық және санитарлық қызметтердің өзара іс-қимыл тәртібін әзірлеу маңызды. Карантин режимін біртіндеп жеңілдету дегеніміз өзіміз үйренген күнделікті тіршілікке қайта оралу емес екенін ұғынғанымыз жөн. Ойын-сауық және сауда орталықтары, кинотеатрлар, ресторандар, саябақтар мен адам көп жиналатын басқа да орындар әзірге жабық болады. Жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра береді. Ел тұрғындарын бұл шараларға түсіністікпен қарауға шақырамын. Халқымызда «Төзім тілекке жеткізеді» деген мақал бар. Сондықтан сабыр сақтайық», – деді Президент.