Кішкентай балаларға төрт қабырғаға қамалып отыру оңай емес – Президент
Кішкентай балаларға төрт қабырғаға қамалып отыру оңай емес – Президент
Фото: Интернеттен алынды
Бүгін Қазақстан Президенті төтенше жағдай режиміне байланысты мәлімдеме жасады. Мәлімдемесінде еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты және Мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге алып, мен Төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық шығару жөнінде шешім қабылдағанын айтты. «Бұл – біз бастан өткеріп жатқан күрделі кезеңнің талабы. Заңға сәйкес 11 мамырда Төтенше жағдай режимі аяқталады. Елімізді пандемияның шеңгелінен құтқару – бәрімізге ортақ міндет. Мен үшін әр азаматтың өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Сонымен қатар Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия карантин талаптарын жеңілдетуге дайын. Алдымен, вирустың таралуын қатаң бақылауда ұстап отырған облыстар мен қалалардан бастауға болады. Мемлекеттік комиссияға елорданың үлгісімен еліміздің барлық аймағында өз жұмыстарына кірісетін мекемелердің тізімін жасау тапсырылды. Бірінші кезекте өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс, жол құрылысы және көлік компаниялары, банктер және халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысқа кірісуі керек. Бірақ барлық санитарлық нормаларды сақтап, жұмыс орындарында үнемі дезинфекция жүргізіп тұру қажет. Күнделікті өмірде әлеуметтік ара қашықтықты ұстанған жөн. Кәсіпорын басшыларына және жергілікті атқару органдарына жеке жауапкершілік жүктеледі. Бұл орайда барлық деңгейдегі әкімдіктердің рөлі айтарлықтай артады. Үкімет келесі айда да табысынан айырылған азаматтарға 42500 теңге көлемінде көмек береді. Қайтадан өтінім жіберудің қажеті жоқ. Төлем бұрын ұсынылған құжат бойынша жүзеге асырылады. Мұқтаж отбасылар азық-түлік ала береді. Оқшаулану кезінде ата-аналарға кішкентай балаларымен төрт қабырғаға қамалып отыру оңай емес. Мемлекеттік комиссия әкімдіктермен бірлесіп, аулаларды және ойын алаңдарын ашу мәселесін ойластыруға тиіс. Әрине, алдымен, барлық санитарлық нормалар мен санитарлық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы керек», – деді Тоқаев. Бұған дейін «Президент, далаға шықсам бола ма?» – деп Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтініш айтқан баланың видеосын жариялаған едік.