Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту жөніндегі мәлімдемесінде індетпен күрестің алғы шебінде жүрген азаматтарға алғыс айтты. Олардың арасында журналистер қауымы бар. «Індетпен күрестің алдыңғы шебіндегі азаматтарды тағы да ерекше атап өткім келеді. Халықтың қауіпсіздігі үшін жанкештілік танытып жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне және әскери қызметшілерге алғыс айтамын», – деген Мемлекет басшысы қауіп-қатерге қарамай мұқтаж жандарға көмек қолын созған волонтерлерге де ризашылығын білдірді. «Сондай-ақ, халыққа жедел және шынайы ақпарат таратып жүрген журналистер қауымына алғыс айтамын. Дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға атсалысқан мемлекеттік аппараттың қызметкерлері де құрметке лайық», – деді Қ.Тоқаев.
Тұмар МЫРЗА