Бүгін Қазақстан Президенті төтенше жағдай режиміне байланысты мәлімдеме жасады. Президент оқушылар мен студенттер әлі де қашықтан оқи беретінін айтты. «Жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра береді. Ел тұрғындарын бұл шараларға түсіністікпен қарауға шақырамын. Халқымызда «Төзім тілекке жеткізеді» деген мақал бар. Сондықтан сабыр сақтайық. Күннің жылынуы мен карантиннен шаршағандық жауапсыздыққа себеп болмауға тиіс. Карантин режимі бұзылса, коронавирусқа шалдыққандардың саны күрт көбейіп кетуі мүмкін. Әсіресе, созылмалы ауруы бар және егде адамдар ерекше сақ болуы керек. Тіпті, кішкентай балалар да ауру жұқтыруы мүмкін екенін байқадық. Сондықтан олардың денсаулығына бей-жай қарауға болмайды. Әзірге бұл вирустың вакцинасы жоқ. Карантин шараларын қатаң ұстансақ қана індеттен құтыламыз. Аса қажеттілік болмаса, ешқайда шықпай, үйде отырыңыздар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.