«Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 2019 жылы Қазақстанда 52 аудан орталығы жаңғыртылып, бұл жақын жылдары 700 мың ауыл тұрғынының өмірін өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов хабарлады. Оның айтуынша, 450-ге тарта шара іске асырылады. Оның 229-ы көлік инфрақұрылымына, 153-і әлеуметтік инфрақұрылымға және 66-сы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа тиесілі. – Жобаның негізгі мақсаты – ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту, оларды өңірлік стандарттарға жеткізу, – деді вице-министр. – Жоба шеңберінде ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту, ауыл тұрғындарының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұтастай алғанда, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі бірқатар міндеттер шешіледі. Тұтас алғанда, жобаны іске асыруға 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен 90,0 млрд. теңге қарастырылып, оның ішінде, 2019 жылы 30,0 млрд теңге бөлінді.