Биыл оңтүстік өңіріде қыс кеш шығып, ауа-райы осы кезге дейін салқын тартып тұрғанмен, соңғы аптада бірден аптап ыстық басталып кетті. Дегенмен, тілсіз жау мезгіл таңдамайтынын көрсетіп отыр. Атап айтсақ, биылғы жыл басынан бері Түркістан облысында Орман шаруашылығы жерлерінде 15 өрт оқиғасы тіркеліпті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мәлімдеді.
Түркістан облысы аумағында 2020 жылдың 3 айында жергілікті Орман шаруашылығы жерлерінде 15 өрт оқиғасы тіркелді. Жалпы орманды дала өрті 2347,8 гектар жерді шарпыған. Оның орманды алқабы – 287 гектар, ормансыз алқабы – 2060,8 гектар. Нәтижесінде орман шаруашылығына 802,2 мың теңге материалдық шығын келген.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ералы Ақылбековтің айтуынша, қазіргі таңда орман дала өрттерінің жиілеп кетуіне байланысты тілсіз жауға қарсы күрес және қауіпсіздік шаралары күшейтілген.
Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы.