Елбасы Н.Назарбаев Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглумен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастықты сақтаудың және оны ары қарай нығайтудың маңызын атап өтті.
– Түркия бізге тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап қолдау көрсетіп келеді. Біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыз бір-біріне өте жақын. Екі ел арасында визасыз режим енгіздік. Қазақстан мен Түркия қарым-қатынастары жыл сайын нығайып келеді. Осы бағыттың жалғаса түсетініне сенімдімін, – деді Елбасы.
Сонымен қатар Н.Назарбаев Түркі кеңесі аясында мемлекетаралық байланыстарды дамытудың қажетін айтты.
– Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесі түркі халықтарының арасындағы байланыстарды дамыту және нығайту мақсатымен құрылған болатын. Бұл жұмыстарды жалғастырған жөн. Мен жан-жақты қолдау көрсетемін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
М.Чавушоглу Елбасыға ризашылық білдіріп, Режеп Ердоғанның жақын уақытта Түркияға келуге қатысты шақыруын жеткізді.
– Сіздің Елбасы, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Nur Otan партиясының жетекшісі ретінде Қазақстан халқының игілігі жолындағы жұмыстарды белсенді жалғастырып жатқаныңызға қуаныштымыз. Сіздің Қазақстанды өркендету және екіжақты қарым-қатынастарды дамыту ісіне өлшеусіз еңбек сіңіргеніңізді жақсы білеміз, – деді Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі.
Кездесу барысында тараптар күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелерді талқылады.
Соңында Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Түркі кеңесі мемлекеттері көшбасшыларының қабылдаған шешіміне сәйкес, түркі әлемі елдерін дамытуға зор үлес қосқаны үшін Н.Назарбаевқа Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің ғұмыр бойғы құрметті төрағасы мәртебесі берілгенін мәлімдеді.