Есмұхан Обаев Мемлекет басшысының мәлімдемесіне қолдау білдірді
Есмұхан Обаев Мемлекет басшысының мәлімдемесіне қолдау білдірді
134
оқылды
Бізді ғана емес күллі әлемді дүрбелеңге салып, дүрліктіріп отырған коронавирус дерті біздің елімізді де қамтып отыр. Осындай ауыр күнде ел мен жердің игілігі үшін еңкейген кәріден еңбектеген сәбиге дейін ортақ міндетке үлес қосып, жарияланған карантин ережесін қатаң сақтау керек деп білемін. Қазақ халқының басынан небір зұлмат замандар өтті. Ашаршылық, жаппай қуғын-сүргінді де басынан кешірді. Бірақ, береке-бірліктің арқасында бәрін жеңіп шықты. Сол секілді осы жағдайда да «Ырыс алды – ынтымақ» деген халқымыз бұл қиындықты асқан сабырлықпен жеңіп шығып, жаймашуақ шаққа қайта оралып, гүлденген мемлекет ретінде қанатын кеңге жаятынына сенім мол. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның бүгінгі мәлімдемесінде: «Қашанда осылай ұлт болып ұйыса білсек, барлық мақсатымызға қол жеткіземіз. Оған ешқандай күмән жоқ. Елдің қамы үшін бастаған ісіміз қайырлы болады деп сенемін!» деген сөзі әрбір қазақстандықтың санасына ұялап, бағдары болуы тиіс деп ойлаймын. Күні- түні еңбек етіп жатқан дәрігерлер мен тәртіп сақшыларына барынша қолдау көрсетіп, демеу білдірейік. Осы орайда өнер адамдарының міндеті де халыққа жақсы көңіл-күй сыйлап, жұртты тыныштыққа, сабырлыққа шақыру. Елімізде алғаш жариялаған карантин күнінен бері қарап отырсаңыз мемлекеттің тәж дертінің тарап кетпеуін жасап отырған іс-шараларының барлығына халықта түсіністікпен қарап, тәртіпті бұзбай үйлерінде отыруының өзі бүгінгі адамдардың ой-парасатының жоғары екендігі және билікпен ынтымақта жұмыс жасай алатынын көрсетті. Осы кезде мемлекет тарапынан да адами тұрғыдан ел халқына қамқорлық жасап, әлеуметтік көмектерді жаппай көрсетуі, шағын және үлкен кәсіпкерлерді қолдауы құрметтеуге лайықты деп есептеймін. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова басқарып отырған министрлік тарапынан да көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, әлеуметтік жағыннан аз қамтылған отбасыларға азық-түлікпен қамту, өңірлеріндегі мәдениет ұйымдарының қызметкерлері медициналық маска тігу және өнер ұжымдары, өнер қайраткерлері де халықпен бірге тәжірибесімен бөлісіп толассыз жұмыс істелуде. Осы тарапта Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театр ұжымы да түсіністік тантып спектаклдерін онлайн көрсетіп, күн сайын актерлер тікелей эфирге шығып көрермендермен тілдесіп, байланысып отыр. Бүгінгі таңдағы әлемдік қаржы дағдарысы мен жұртты елеңдеткен коронавирустың әлегі еліміздің де экономикасы мен адамдардың өміріне қауіп төндіріп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мырза өз үндеуінде: «Әзірге бұл вирустың вакцинасы жоқ. Карантин шараларын қатаң ұстансақ қана індеттен құтыламыз. Аса қажеттілік болмаса, ешқайда шықпай, үйде отырыңыздар. Бұл, әсіресе, қазіргі қасиетті Рамазан айында өте маңызды. Осы кезеңнің де асыл мұраты – шыдам мен төзім, сабыр мен қанағат екенін білесіздер» – деп мұсылмандардың қасиетті Рамазан айында бірлікке шақыруы президент ретінде ғана емес көреген, парасатты адам ретінде құрметтеуге лайықты. Дағдарысқа қарсы да елімізде атқарылып жатқан жаңа жобаларды, індетке қарсы қабылданған шараларды көріп, көңілге сенім ұялады. Әрине, береке-бірлік болған жерде алынбайтын қамал жоқ.

Есмұхан Обаев, Қазақстаның халық артисі, профессор.

 27.04.2020 Алматы.