Шымкенттік ғалымдар хош иістендірілген антисептик спрейін шығарды
Шымкенттік ғалымдар хош иістендірілген антисептик спрейін шығарды
131
оқылды
Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің ғалымдары санитайзер, яғни антисептик спрейін жасап шығарды. Бұл игі іс университет жанындағы «Конструкциялық және биохимиялық материалдар» аймақтық сынақ зертханасында қолға алынды.   Университет ғалымдары аталған хош иістендірілген антисептик спрейінің бактерияларға, микробтарға және вирустарға қарсы әсер етуші сипатқа ие екенін айтады. Ең бастысы теріні тітіркендірмейтін қасиеті бар. Қайта тері жарақаттарының жазылуына септігін тигізеді. 50 мл флокондарына құйылып дайындалған спрей адамдардың өзімен бірге алып жүруге де ыңғайлы. – Университеттің оқу-зертханалық базасында дайындалған антисептиктер бүгінгі таңда осындағы жатақханаларда жатып онлайн білім алып отырған студенттерге, оқу орнындағы жұмысшылар мен қызметкерлерге тегін таратылған. Сонымен қатар, қайырымдылық шаралар жасау мақсатында қаладағы балалар үйіне де таратылмақ. «Сақ болсаң, сақтаймын» демекші сақтық шараларын жасап жүру үшін осындай антисептикті пайдаланғанымыз абзал. Біздің университет ғалымдары дайындаған антисептиктің құрамы дүнижүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолға арналған антисептиктерді жасау рецептурасы мен МЕСТ Р 58151.1-2018 жалпы техникалық талаптар ұсынылған әдістемелер мен ережелер негізінде жасалған, – дейді М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің Ғылыми жұмыстар және инновация жөніндегі проректоры Ұлан Сүлейменов. Университеттің ғылыми жұмыстар бойынша қызметкерлері мекемедегі ғимараттар мен жатақханалардағы кіре берістегі санитайзерлерді оқтын-оқтын жаңартып тұру үшін 5 литр ыдыстарға да дайындауды қолға алып жатыр.

Н. НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы.