Қайтқан куәлікте қайыр бар
Қайтқан куәлікте қайыр бар

2018 жылдың 1 қаң­тарынан бастап төрт балалы ана – көпбалалы ана емес. Сондықтан дәл осы күннен бері төртінші сәбиін дүниеге әкелген әйелдер көпбалалы ана мәртебесінен де, автобустарда тегін жүру құқынан да, жалпы, барлық жеңілдіктен қағылды.

Мұның әділдікке жатпай­тынын айтып шағымданған ана­лар Үкіметтен көк куәлікті ста­тусымен бірге қайтарып беруді сұраған еді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі уәде еткендей, кәмелет жасына толмаған төрт баласы бар ана­ларға 6 мамырдан бастап куәлік беріле бастады. Өкініштісі сол, куәліктің өзі қайтқанмен, ана­лар­ға ең қажетті жәрдемақысы қо­са қайтпады. Яғни, олар 10 504 теңгені ала алмайды. Олай болса, қайтқан куәліктің қандай қайы­ры бар?

Үкіметтік жұмыс тобы еліміз­дің барлық өңірлерін аралап, мұндай отбасылардың мәселесіне көз жеткізгеннен кейін, көпба­лалы аналардың мәртебесін қай­тару туралы шешім қабылдаған еді. «Бұл, біздіңше, дұрыс емес. Куәлік берілді ме, арнаулы мем­лекеттік жәрдем­ақыны да беру керек. Формальді түрде ғана қай­тара салды. «Осылар тыныш болсын» деп, бере салды. Қо­ғамда алалық болмау керек. Заң бәріне ортақ болуы шарт. Барлық төрт баласы барлардың құқығы бірдей болғанын қалаймыз. Жол­да тегін жүреміз, бала­ла­рымызды 50 пайыз жеңілдікпен қыдыр­тамыз дейік. Мұнысына рақмет. Бірақ бұлардың ешбірі сонау ауылда, түкпірде отырған анаға керек емес. Оған бұл статустың жәрдемақысы ғана керек», – дейді елордалық тұрғын Айнұр Қарамендиева.

Айта кетейік, бұл куәліктің орта мектептерде көпбалалы от­ба­сылардан шыққан 1-4 сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ, мектеп формасын беруге, түрлі үйірмелерге, балабақшаға бара­тын баласы болса, ақысынан 50 пайыз жеңілдік жасауға, көп­ба­­ла­лы ана­ларға қоғамдық көлік­терде тегін жүруге, сонымен қа­тар көпбалалы отбасы ретінде жеңіл­детілген пайыздар бойын­ша мемлекет ұсынып отырған баспанадан алуға септігі тиеді.

«Оның орнына былтырдан бері аз қамтылған отбасылар үшін жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек беріле бастады. Бірақ бұл көмекті жалақысына байланысты ала алмай отырған отбасылар көп. Сондықтан да осын­дай дау шығуда. Алайда бұл көк куәліктің пайдасы да көп», – дейді «Ақжүніс» ерікті аналар қоғамы Нұр-Сұлтан фи­лиалының жетекшісі Мейрамхан Жәпек.