Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өзге қалалар мен шетелдерде жүрген жерлестерімізді үйіне қайтару бойынша жұмыстарды қарқынды жалғастыруда. Естеріңізде болса, ағымдағы жылы 15 сәуірде Өскемен қаласының әуежайына ішінде Тайландтан, Индонезиядан, Вьетнамнан жеткізілген 179 адамы бар чартерлік рейс қонған болатын. Бортта Қазақстанның, Қырғызстанның және Ресейдің азаматтары болған-ды. Карантиннен өткен соң және КВИ-да тест теріс нәтиже көрсеткеннен кейін облыс әкімдігі оларды ары қарай үй карантинінде болу шартымен тұрғылықты жеріне жеткізуді ұйымдастырған еді. Жалпы 2 және 25 сәуір аралығында шетелден барлығы 22 шығысқазақстандық қайтып оралды. 27 сәуірде, яғни бүгін түнге қарай тағы 257 адамның келуі күтілуде, соның ішінде еліміздің батысындағы TENGIZCHEVROIL компаниясының 149 бизнес-серіктестері мен қызметкерлері бар. Сонымен қатар 108 қазақстандық Ресей Федерациясынан Барнаул арқылы автобуспен келмек. Атап өтерлігі, азаматтарды қабылдау барысында санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің барлық шаралары қамтамасыз етіледі. Келгендердің барлығы медициналық тексеруден өтіп, толық оқшауланған карантиндік стационарға орналастырылады. Онда полиция бекеті мен санитарлық-эпидемиологиялық және медицина қызметкерлерінің тәуліктік кезекшілігі қойылған. Мұнымен бірге көшірілгендер ПТР әдісімен COVID-19 тестілеуінен өтеді. Тек талдау нәтижелерін алғаннан кейін және карантин мерзімі аяқталған соң ғана барлық азаматтар тұрғылықты жері бойынша жіберілмек.
Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан