«Дәм, иіс сезбейтіндермен бір палатада жаттым» – атыраулық студент қыз covid-19 дертін қалай жеңгенін айтты
«Дәм, иіс сезбейтіндермен бір палатада жаттым» – атыраулық студент қыз covid-19 дертін қалай жеңгенін айтты
247
оқылды
Атырауда коронавирус жұқтырған студент Айкөркем Кусесова Қазақстан бойынша ашық түрде сұхбат беруге алғашқылардың бірі болып келісім берді. Алғашқыда өзінен жұқпалы дерт анықталмағанына қуанған Айкөркем келесі тест қортындысы оң нәтиже бергенде қатты жылағанын еске алды. Айкөркем Кусесова Канада университеттерінің бірінде үшінші курста оқиды. – Мен Канаданың Ванкувер қаласында оқимын. Коронавирус жағдайына байланысты университет жабылып, онлайн форматтағы оқуға көштік. Содан университет билет алып берді. Елге Амстердам арқылы ұшатын рейспен жеттім.​ Атырауға келген бойда оқшауландық. Біздің рейспен келген бір жолаушының анализінен коронавирус инфекциясы расталды. Сөйтіп, он төрт күн карантинге, яғни, Атыраудағы ​ провизорлық стационарға жатқызылдық.​ Бастапқыда менде симптом болған жоқ. Өзімді жақсы сезініп жүрдім. Үйге барамын деп қуанып жүр едім. Бірақ, дәрігерлер менен вирустың табылғанын айтқанда, қатты жыладым. Болашағымды елестете алмадым, – деп әңгімесін бастаған Айкөркем өзінің жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған 8 сәуір есінде сақталып қалғанын айтты. Сергелден күйге түскен Айкөркем ​отбасына үздіксіз хабарласып, «Енді не істеймін?» деген сұрақты қайта-қайта қоя берген. Алғашқы күні қатты уайымдаған Айкөркем де коронавируспен күресте бүкіл әлем медицинасы қолданып жатқан дәрілерді қабылдауды бастаған. – Алғашқыда дәрі қабылдаған соң ішім ауырып бастады. Кейін аузыма ащы дәм келіп жүрді. ​Дәрігерлер оның себебін дұрыстап түсіндірді. Бір палатада үш адам жаттық. Олардың бірі құрғақ жөтелден қатты қиналып жүрді. Енді бірі дәм сезбеу, иіс сезбейтін жағдайда болды. Дәрігерлер тарапынан үздіксіз бақылауда болдық. Олар бізді дәрімен ғана емес, жылы сөздерімен де емдеп шығарды. – Ауруханадан шыққанда көшеде көп адамның жүргенін көрдім. Шыны керек, ​ біртүрлі болдым. Негізінде адам басынан өтпей ешнәрсені сезінбейді ғой.​ Қазір халық арасында «вирус жоқ, ауруханаға жатып шығу үшін, ақша төлеп жатыр» деген алып-қашпа әңгімелер өрбуде. ​ Бірақ індет бары анық. Ол өте қауіпті. Бізді емдеген дәрігерлерге алғысым шексіз, – дейді Айкөркем. Айкөркем қазір үй карантинінде. Ол енді ​ жиырма бір күн бойы оқшаулауда болады. Мекен-жайы бойынша тіркелген емханадағы эпидемиолог дәрігерге күнде жағдайын баяндап тұрады. Айкөркем карантин мерзімі аяқталған соң  қайтадан анализ тапсырады. Ол өзінің індеттен құлан таза айыққан күнін дәлелдейтін қортындыны асыға күтеді. Елді дүрбеленге салған індет Атырауға 27 наурызда шетелден келген студенттен анықталған болатын. Бүгінгі күні Атырау облысында ауруды жұқтырғандардың саны 123 адамға жетті. Індеттің негізгі ошағы қазір Теңіз кеніші болып тұр. Емделіп шыққандардың саны 59-ға жетті.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы.