Мұғалімдер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр - министр
Мұғалімдер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр - министр
© сурет интернеттен алынды
5,122
оқылды
Мұғалімдер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Instagram желісінде өткен тікелей эфирде айтты. «Қазір мұғалімдердің жұмыс жүктемесі бірнеше есе артып кетті. Олар тәулік бойы жұмыс істеп жүр десе болады. Олар аз уақыт ішінде жаңа жағдайға бейімделе алғандары үшін үлкен алғыс айтамын. Қазіргі уақытта ата-ана баласымен отырғандықтан, балаларының білім алуына көмектесіп жатыр. Олар педагог болудың қаншалықты қиын екенін түсінген болар. Бұл да олар үшін – үлкен сабақ. Бір сыныпта отырған 25 балаға сабақ беріп, келесі сыныпқа кету мен қашықтан сабақ берудің айырмашылығы көп. Ұстаздардың еңбегіне, олардың табандылығына алғыс айтамыз», - дейді Асхат Аймағамбетов. Министр қашықтан оқытудың кейбір оқушыларға жақсы әсер еткенін де атап өтті. «Ата-ана мен баласы бірге сабақ қарау – қалыпты жағдай. Ата-аналардың түсіністікпен қарауын сұраймын. Мұғалімдердің көбі жақсы оқитын бала қашықтан оқыған кезде де жақсы оқуын жалғастыра беретінін айтады. Ал мектепте белсенді емес, орташа оқитын балалар қашықтан оқыған кезде керсінше белсенділік танытып, терең сұрақтар қойып, өздерін мүлде басқа қырынан көрсетуде», - дейді ол.