Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында әуе тасымалдаушылар ағымдағы жылдың 1 мамырынан Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары арасында ұшуды қайта бастауға дайын. Күніне 4 рейстен болады, оларды "Эйр Астана" мен "SCAT" әуе компаниялары орындайды. Билеттер бүгіннен сатыла бастайды. Әуе компаниялары олардың бағасын рейстер тоқтатылғанға дейінгі деңгейде сақтауға міндеттеме алады. Әрі қарай жағдай жақсарып жатса, рейстер санын және әуе кемелерінің сыйымдылығын арттыру мәселесі қаралады. Ұшулар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Көліктегі бас санитарлық дәрігері бекіткен санитарлық талаптардың күшейтілген нормаларын сақтай отырып, жүзеге асырылады. Олардың негізгілері мыналар: ➖ жолаушыларда COVID-19 тестінен өткені және оның нәтижесі теріс болғаны туралы анықтама болуы қажет (анықтаманың қолданылу мерзімі - берілген күннен бастап 7 күн); ➖ жеке қорғаныс құралдарын пайдалану (бетперделер, қолғаптар); ➖ термометрия, әлеуметтік қашықтық сақтау; ➖ әуежайлар мен әуе кемелерін күшейтілген негізде залалсыздандыру. Санитарлық қауіпсіздік талаптары бойынша аталған рейстерде бортта тамақ берілмейді.