Ақтөбе облысында биыл қаржыландырудың барлық көздері есебінен 1 025 мың шаршы метр немесе 9,7 мың тұрғын үй салу міндеті тұр. Биылғы І тоқсанда өңірде тұрғын үй құрылысына 13,1 млрд. теңге инвестиция салынды. Жалпы алаңы 156,8 мың шаршы метр болатын баспана пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстығанда 3,6% артық. Облыс бойынша осы кезеңде жалпы 992 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде облыста инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысы саласында 21,1 млрд. теңгеге 49 жоба іске асырылып, 2439 жұмыс орны ашылады. Жалпы ауданы 65 мың шаршы метр болатын жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй немесе 1142 пәтерді пайдалануға беру (сатып алу) жоспарланып отыр. Оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспана құрылысына 10 жобаны іске асыру үшін 4,5 млрд. теңге қарастырылған. Оған ауданы 16 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй немесе 281 пәтерді пайдалануға беру көзделген. Биылғы І тоқсан қорытындысы бойынша әкімдікке 366,8 млн. теңге аударылып, ол қаржы толық игерілген. Жалға берілетін тұрғын үй құрылысы саласында 398 жұмыс орны ашылады. Ал кредиттік тұрғын үй құрылысына 15 жобаны іске асыру үшін 8,7 млрд. теңге қарастырылған. Оған жалпы ауданы 49 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 861 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. 1380 жұмыс орнын ашылады. Сонымен қатар, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2% пайызбен несие берілетін «Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыруға биыл республикалық бюджеттен облыс әкімдігіне 302 тұрғын үй үшін 3 млрд. теңге қарастырылған. Тұрғын үй құрылысы аудандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу үшін 24 жоба іске асыралады. Оған 7,9 млрд. теңге қарастырылған. Ол жобаларда 661 адам жұмыспен қамтылады.