Еліміздегі дәрігерлердің 30 пайызы коронавирус инфекциясын жұқтырған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook желісінде өткен баспасөз мәслихатында Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді. «Медицина қызметкерлерінің 30 пайызы немесе 820 адам COVID-19 инфекциясын жұқтырған. Әсіресе, орташа және кіші медицина қызметкерлері көбірек ауырған», – дейді ол. Комитет төрағасының айтуынша, инфекциялық стационарға қарағанда әдеттегі емхана мен аурухана қызметкерлері жиі ауырған. Себебі жұқпалы аурулар ауруханасында мамандар жеке қорғаныс құралдарымен жүреді. Сондай-ақ инфрақұрылымның өзі «таза» және «лас» аумақтарға бөлуге мүмкіндік береді. Ал емханалар мен көпбейінді ауруханаларда мұндай бөлу қиынға соғады. «Оның үстіне келушілер саны да көп. Олардан вирус жұқтыру ықтималдығы жоғары. Тәулік бойы ғимараттағы медициналық мамандар ықтимал науқастармен бір ауаны жұтуға мәжбүр», – дейді Т.Сұлтанғазиев. Оның пікірінше, еліміздегі коронавирус инфекциясының таралу өсімі тұрақтала бастаған. Республика бойынша өсім орта есеппен алғанда 4,5-8 пайыз. Бірақ кей өңірлерде өсім 50 пайызға дейін барып отыр.
Айдана БЕГІМ