Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті, Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесі наурыз айынан бастап елдегі төтенше жағдай мен Алматы қаласындағы карантин режиміне қарамай жұмыс істеген заңсыз ойынхананы әшкереледі. Осы жедел-іздестіру шарасы сәуірдің 24-інен 25-іне қараған түні өткізілді. Нәтижесінде ведомство қызметкерлері қаланың орталығында орналасқан ғимаратта құмар ойындарға қатысқан 30-дан артық келуші мен қызметкерді ұстады. «Құмар ойындар өтетін орынға кіру үшін арнайы өткізу жүйесі әрекет еткен, ол бойынша ішке тек тұрақты келушілер ғана кіре алатын болған. Аумағы 1 000 шаршы метрден асатын казино ішінде тінту іс-шараларын жүргізу барысында покер мен америкалық рулеткаларға арналған 6 үстел, көптеген ойын карталары мен фишкалар, сондай-ақ бір күндік заңсыз әрекеттен түскен ірі мөлшердегі ақшалай қаражат алынды», – дейді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері. Заңсыз ойын ұйымдастыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстегі 307-бабтың 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жасырын казиноға қатысқан адамдардың барлығына қатысты төтенше жағдай режимін бұзу фактісі бойынша әкімшілік хаттамалар да толтырылды.
Әділ БЕК