Nur Otan партиясы Қарағанды облыстық филиалының бастамасымен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған футбол командасы құрылады. Іс-шара балалар футболын дамыту бойынша пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде ұйымдастырылмақ.
Өткен жылдың қазан айында Nur Otan партиясының облыстық филиалы, Қазақстан мен Қарағанды облысының футбол федерациясы, дене шынықтыру және спорт басқармасы және «Шахтер» футбол клубы арасында тиісті меморандумға қол қойылған болатын.
Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының атынан сынға түсетін команданы тәжірибелі жаттықтырушылар тобы жаттықтырады. Бапкерлер ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеу үшін Алматыда арнайы 2 айлық дайындық курсынан өтті.
Қазіргі кезде командаға мектептің 30 тәрбиеленушісі іріктеліп алынды. Команда мүшелерінің жасы – 9 жастан 14 жасқа дейін. Жаттығу жұмысы аптасына екі рет өткізіледі. Ерекше балалар үшін арнайы форма мен доп сатып алынды.
– Бұл балалар үшін жақсы жаңалық болды. Өңірде жас жеткіншектердің саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануына барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Енді тек алға мақсат қойып, жетістіктерге жету ғана қалды. Балалар футболды жақсы көреді. Олардың алаңда қуанғанын көріп, біз де рақат аламыз, – дейді жаттықтырушы Евгений Свешников.
Қарағанды облысында ұлттық құрамаға лайықты кандидаттар дайындау жұмысы алдағы уақытта өз нәтижесін береді деп күтіліп отыр.
– Қазақстан футбол федерациясы чемпионат өткізуді жоспарлап отыр. Оған біздің аймақ та қатысады. Бұл маңызды әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға атсалысқаны үшін Nur Otan партиясына және футбол федерациясына алғыс айтамын, – дейді дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дмитрий Карпов.
А.ЖАСАНҰЛЫ