Nur Otan партиясының өңірлердегі филиал жетекшілері елдегі төтенше жағдай уақытында халықты әлеуметтік жағынан қолдауға бағытталған BizBirgemiz шарасының мақсатын түсіндіру үшін халықпен арнайы кездесу өткізді. Іс-шара барысында партия өкілдері тікелей эфирге шығып, тұрғындардың бірқатар сауалына жауап берді. Әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шыққан Nur Otan партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Қаналимов наурыз айының соңында бастау алған BizBirgemiz республикалық акциясының бірінші толқынын қорытындылап, ары қарай да жалғасатын акцияның екінші толқыны туралы айтты. 2 сағаттан астам уақыт ішінде көрермендерден 1 000-нан астам сұрақ келіп түсті, олардың басым бөлігі Birgemiz қоғамдық қорынан төленетін төлемдерге, халықтың әлеуметтік осал топтарын азық-түлік себетімен қамтамасыз етуге қатысты болды. Сондай-ақ көптеген тұрғындар партиялықтарға азық-түлікті жасақтау мен тасымалдауға қалай көмектесуге болатынын сұрады. Елорда бойынша азық-түлік себетін барлығы 11 мыңға жуық отбасы алып үлгерді. Бүгінгі күні құны 127 млн теңге болатын 8 472 жиынтық таратылды. Акцияның екінші толқынында 28 073 отбасына 1,4 млрд теңге көлемінде көмек көрсетіледі. Қаражатты аудару келесі санаттар бойынша басталады: аз қамтылған отбасылар, оның ішінде көпбалалы отбасылар – 7 593 адам, көмекке мұқтаж мүгедектер – 9 391 адам, мүгедек баланы күтуді жүзеге асыратын тұлғалар – 469 адам, зейнеткерлер – 10 532 адам, жетімдер – 42 адам, ҰОС ардагерлері және оларға теңестірілгендер – 8 адам, тыл еңбеккерлері 38 адам, – деді Ерлан Каналимов. Елдегі төтенше жағдайға байланысты азаматтарға мемлекет және облыстық әкімдік тарапынан көрсетіліп жатқан көмек пен партияның BizBirgemiz акциясы туралы толыққанды ақпарат беру үшін Nur Otan партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы да тікелей эфир ұйымдастырды. Эфирді 200-ден астам адам тамашалап, тұрғындар тарапынан 100-ден астам сұрақ жолданды. Әр мәселеге жіті назар аударылып, сұрақтардың басым көпшілігіне нақты жауап берілді. Әдеттегідей эфирде 42 500 теңгені алу, 15 мың теңге коммуналдық төлемақы, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектерге қатысты, Birgemiz қоғамдық қорынан берілетін 50 мың теңге көлеміндегі бір жолғы материалдық көмекке байланысты сауалдар легі көп болды. Nur Otan партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков қойылған әр сауалға жауап беріп, кейбір маңызды сұрақтарды өзінің жеке бақылауына алды. Жалпы, бүгінге дейін Nur Otan партиясының BizBirgemiz акциясы бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы 2 115 отбасына азық-түлік жеткізілді. Бұл ретте науқанға өңірдегі кәсіпкерлер мен мәслихат депутаттары, ерікті жастар, аудан әкімдіктері, партия өкілдері және жасотандықтар айрықша белсенділік танытты. Елбасы – Nur Otan партиясының төрағасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz қоғамдық қоры арқылы Өскемен мен Семей қалаларында тұратын 12 419 тұрғын 50 мың теңгеден материалдық көмек алды. Nur Otan партиясының Ақмола облыстық филиалы да өңір тұрғындарымен тікелей эфир арқылы байланысқа шықты. Партия филиалының Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында еліміздегі төтенше жағдайға байланысты азаматтарға мемлекет және облыстық әкімдік тарапынан көрсетіліп жатқан көмек пен партияның BizBirgemiz акциясы туралы толыққанды ақпарат берілді. Тікелей эфирді 2 500-ден астам тұрғын тамашалады. 400-ге жуық сұрақ қойылды. Өз кезегінде Nur Otan партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов қойылған әр сауалға нақты жауап беріп, маңызды мәселелерді жеке бақылауына алды. Елбасы – Nur Otan партиясының төрағасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz қоғамдық қоры арқылы Көкшетау қаласының 2 930 тұрғыны 50 мың теңгеден материалдық көмек алды. Nur Otan партиясының BizBirgemiz акциясы бойынша Ақмола облысындағы 4 057 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Айта кетейік, тікелей эфир Маңғыстау облысында да ұйымдастырылды. Күллі мұсылман қауымын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтаған Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов эфирде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен республикалық Birgemiz қорынан өңірлік Birgemiz-Mangystau өңірлік қорына барлығы 324 350 000 теңге бөлінгенін мәлім етті. Бір сағатқа созылған кездесу аясында облыстық партияның ресми парақшаларындағы Facebook желісіне 500-ге жуық, ал Instagram-ға 300-ден астам желі қолданушысы қосылды. Facebook-ке барлығы 113 сұрақ түссе, Instagram-ға 273 сұрақ пен ұсыныс-пікір жазылды. Осы уақыт аралығында Елубай Жақайұлы барлығы 143 тұрғынның сұрағына жауап беріп үлгерді. Ол сондай-ақ эфирде қойылған өзге де сұрақтар жауапсыз қалмайтынын, ұсыныстар мен пікірлердің де міндетті түрде ескерілетінін айтты. Сұрақтардың дені әлеуметтік көмек алушылар тізімінде бар немесе жоқ екенін білу, берілетін қаржы не себепті тек Ақтау мен Жаңаөзен қалаларының тұрғындарына тиесілі екені, төтенше жағдай кезінде 50 мыңнан бөлек, 42 500 және 15 мың теңгені қалай алуға болатыны туралы сауалдар қойылды. Ал әлеуметтік желідегі тікелей эфирді республикалық «Астана» телеарнасы түсірді. Сонымен қатар Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобалары аясында меценаттар, кәсіпкерлер мен белсенді азаматтар елдегі іске асып жатқан шараларға қолдау танытып жатқанын тілге тиек етті. Соның арқасында бүгінге дейін 2 704 отбасына бірінші кезектегі азық-түлік себеті мен медициналық бетперделер, антисептикалық құралдар сатып алынғанын, әлеуметтік көмекті партиялықтар мен Jas Otan Жастар қанатының ерікті жастары бірлесе ұйымдастырып жатқанын ерекше атап өтті. Айта кетейік, партиялықтар еліміздегі төтенше жағдай кезінде халықпен оңтайлы тәсіл арқылы байланыс орнатып, әлеуметтік желіде партия мен мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау мәселелері туралы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, өзекті мәселелерді халықпен бірге талқылады. Ал тұрғындар көкейінде жүрген түрлі сұраққа жауап алып, қиын шақта халықпен бірге бола білген партиялықтарға алғысын білдірді.