Түркістан облысының Келес ауданында әкімдік қызметкері суға кете жаздаған келіншекті құтқарып қалды. 19 жастағы Біртілек ауылының тұрғыны «Ошақты» каналына секіріп кеткен. Сол маңда блокпостта кезекшілікте тұрған аудандық әкімдіктің маманы оны байқап қалып, бірден суға секіріп, ағысы қатты өзеннен келіншекті аман алып шыққан, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Кейіннен мәлім болғандай, суға секірген келіншек тұрмыста болған. Жұбайы мен бір баласы бар. Бірақ ол әр айдың соңында есін жоғалтып алатын дертке шалдыққан екен. Сол күні ол өзін жайсыз сезініп жүргенін айтқан. Алайда оны суға секіреді деп ешкім ойламаған. Бірақ кейін есін жиған соң каналға қалай түскенін білмейтін болып шықты. Абай ауылдық әкімдігінің жетекші маманы Бексұлтан Аралбай: «Мына беттен бір қыз жүгіріп келіп суға секірді. Мен блокпостта тұрғанмын. Бірден жүгіріп, қызды шығарып алдым», – дейді.