Соңғы 5-6 жылдың көлемінде Оңтүстік Кореяға барып, қара жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны едәуір артты. Ол жақтағы жалақының көптігі басты себеп болып тұр. Айына ең кемі 500 мың теңгеден бастап 1 млн теңгеге дейін табыс табуға болады. Сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдемесіне сенсек, қазір Кореяда 30 мыңнан астам қазақстандық тіркелген. Оның ішіне заңсыз жұмыс істеп жатқандар да кіреді. Мысалы, 2018 жылы 11 860 заңсыз еңбек мигранты тіркелсе, 2019 жылы 10 875 адам анықталыпты. Яғни, айтарлықтай өзгеріс жоқ, азаматтардың елге асыққаны байқалмайды. 18 сәуірде Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында төбелес кезінде 19 Қазақстан азаматы ұсталды. Олардың бәрі сол елде заңсыз жүрген. Осыған орай, біз табыс үшін сыртта жүрген отандастарымыздың тыныс-тіршілігімен танысып көрдік. Әуелі шетелге ағылған көштің әңгімесі қайдан бастау алғанын баяндасақ. 2014 жылдан бері қазақстандықтар Кореяда 30 күн бойы визасыз жүруге мүмкіндік алды. Содан кейін ол жаққа қосымша табыс табу үшін барғандардың саны күрт өсті. Заңсыз еңбек мигранттары көбейгеннен соң 2018 жылдан бастап Корея шекарадағы бақылауды күшейтті. Бірақ жымын білдірмей жолын тапқандар көп секілді. Дәл сол жылы Корея Республикасының Қазақстандағы елшілігі заңсыз еңбек етіп жүрген қазақстандықтар азаймаса визасыз режимнің жойылуы мүмкін екенін айтқан болатын. Дегенмен визасыз режим жойылмады, Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарды елге қайтуға үгіттеп, табылғанын қайтарып та жатты. Ал ол жақта жұмыс істеу үшін отандастарымыз заңды түрде тіркеле алмайды. Міндетті түрде туысқаның немесе ата-анаңның біреуі, болмаса жұбайың корей ұлтынан болуы тиіс. Кореяның заңсыз жұмыс күшін толықтыруға алғаш Ресей, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы азаматтары атсалысқан. Одан кейінгі кезек Қазақстанға тиді. Жұмыс іздеушілердің қалыптасып қалғаны соншалық, бір-бірін күтіп алу, орналастыру да жолға қойылған. Осылайша жасалған жағдай депортациялауды да елемей, әрі қарай жұмыс істей беруге мүмкіндік туғызып отыр. Кореяда заң бұзбай, тыныш жүрген адамды полиция тексермейді. Бұл да заңсыз жүргендерге қолайлы екені анық. Olx.kz қосымшасын ашып, «Работа в Корее» деп тере қалсаңыз, жұмыстың түр-түрін ұсынған жарнамалар қаптай кетеді. Біз әрине, азды-көп білетінімізді баяндадық, «естігенің көргеніңдей болмас» деп, сол жақта күн көріп жүрген отандасымызбен тілдескен едік. Ырысты (есімі өзгертіліп алынды – ред) – Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тумасы. 2018 жылы отбасымен бірге Кореяның Кванджу қаласына аттанған. Жұбайының анасы корей ұлтынан болғандықтан, отбасының барлық мүшесі ұзақ мерзімге жұмыс визасын алған. Ол Кореядағы табысы көп болғанымен, соған сай шығын да мол екенін айтады.
– Кореяға келіп, жұмыс істеу жолдасымның ойында бұрыннан болған. Ойлана келе, отбасымызбен осы шешімге тоқтадық. Күйеуім де күнделікті жұмыстан, мардымсыз жалақыдан шаршаған болатын. Мұнда елімізге қарағанда, орташа есеппен жалақы 6-7 есеге көп. Есесіне азық-түлік те қымбат. Бірақ техникалық заттар арзанға түседі, – дейді ол.Тіпті, әлемге танымал кореялық көлік шығарушы компаниялардың бөлшек құрастырушы зауыттары заңсыз жұмыс күшімен толығыпты. Жұмыс берушілердің өзі де оларға қолайлы жағдай жасайды екен.
– Үй шаруасында болған соң, өзім жұмыс істемеймін. Жолдасым Hyundai, Kia Motors көліктерінің орындығын құрастыратын зауытта жұмыс істейді. Айына теңгеге шаққанда 800 мыңға жуық жалақы алады. Естуімше, сол зауытта заңсыз жүрген қазақстандықтар да бар екен. Заңсыз жүргендердің кейбірі пәтер жалдайды, көбіне жұмыс берушілер жатақханаға орналастырып, мезгіл сайын тамақ та береді. Күйеуім отандастарымызбен жолығып қалып жатады. Соған қарағанда көп секілді, – деді.Одан бөлек Ырысты Кореядағы коронавирусқа байланысты жағдайдың қандай екенін баяндап, елге қашан оралатынын да жеткізді.
– Қазақстанда карантин енгізілгенін естідім. Кореяда карантин болған жоқ, тек қоғамдық орындарда арақашықтық ұстап, сақтанып жүру керек. 2 метрден әрі жақындамасаң болды. Ара-тұра жұмыс көп жерде дұрыс болмай қалады, бірақ кәсіпорындар тоқтаған жоқ. Қайтадан реттеліп жатыр. Байқағаным, мұнда медицина саласы өте қатты дамыған. Үкімет те барлығын дұрыс орындап отыр. Ал Кореяда түбегейлі қалатын ой жоқ. Елімізде жақсы өмір сүруге жететін қаражат жинағаннан кейін, қайта ораламыз, – дейді отандасымыз.Бұл Кореяға барып табыс тапқысы келетіндердің соңғы көші емес екені анық. Баруды жоспарлап жүргендер жетерлік. Біз оларды кінәлай алмасымыз белгілі. Себебі материалдық қажеттілік кімді болмасын алаңдатады. Осыған дейін қазақстандықтарға Кореяда балық және ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеуіне мүмкіндік беру жайы қаралған. Алайда 30 күнге ғана визасыз жүру құқығы жұмыс жайын қамтамасыз етпейтіні тағы айтылды. Мәселе жайында түрлі пікір білдірген адамдар да болды. Кетіп жатқандардың ішінде жоғары, орта білімі барлар да бар. Бір анығы, ол жақтағылар отандастарымызға тек қара жұмыс ұсынады. Бірақ жалақысы жақсы болса, азаматтарға істің ауыртпалығы әңгіме емес сияқты. Мысалы, тағы бір Азамат есімді Қызылорда қаласының тұрғыны Кореяға кету жайлы жоспары бар екенін жасырмады.
– Мамандығым – журналист. Оқуды аяқтаған соң 5 жылға жуық облыстағы түрлі басылымдарда қызмет еттім. Кореядағы жалақының көптігі басты себеп болып тұр. Барып жұмыс істеп жатқан жігіттерді білеміз. Алдын ала келісіп қойғанбыз, тек карантин басталып, жол түспеді. Барсам, өкінбес едім. Қара жұмыс жасасам да жер көріп, ел танып қайтармын, – дейді.Түйін:
Қалтаны толтырудың жайын ойлап шетелге кетіп жатқандарды «қаңғыды» дей алмаспыз. Не де болса, нәпақасын еңбекпен табады. Дегенмен бұл – алаңдатарлық дүние. Заңсыз жүрген жерде олардың бас амандығы толғантпай қоймасы белгілі. Ендігі кезек оларды елге қайтарудың жолын ғана қарастырмай, азаматтардың шетелге кетпеуінің жолын ойластырған жөн шығар.