Мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті
Мұқтаж отбасыларға көмек көрсетті
435
оқылды

Nur Otan партиясының «Жақсылық жаса» атты акциясы өңірдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге ұйытқы болып келеді. Бұл жоба арқылы еліміздің әр аймағында көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсетіліп, қайырымдылық жасалуда.

Акция аясында Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданындағы Қадыр Мырзалиев атындағы мектептің 11-сынып оқушылары аудан орталығы Жымпиты ауылында тұратын әлеуметтік жағдайы төмен үш отбасына бір айлық азық-түлік алып берді.

– Жастар жылында жастарымыздың қайырымдылық іс-шараларында белсенділік танытып жүргені қуантады. Акцияның мақсаты – әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға, әсіресе, көпбалалы және күнкөрісі төмен отбасыларға, жетім-балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету, – дейді «Сырым елі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ширмединұлы.

Олар, осылайша, мектеп бітіру кешіне жоспарланған қаржының едәуір бөлігін қайырымдылық мақсатына жұмсады. Сонымен қатар оқушылар көмекке мұқтаж қариялардың қонысына барып, олардың үйлері мен аулаларын тазалауға да уақыт тапты.

Аталмыш мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ербол Дауыловтың айтуынша, қайырымдылық бастамасын түлектердің өздері көтерген. Олар қасиетті Рамазан айында тойдың мәзіріндей аста-төк дастарқан жайып, ысырап жасағысы келмеді.

«Түлектердің ұсынысын мектеп әкімшілігі, ата-аналар комитеті қолдады. Сынып жетекшілері Жансая Есенғалиева, Гүлдана Нұғманованың қолдауымен «Қайырымдылық керуені» шарасы аясында жалдамалы пәтерде тұратын, мектеп жасындағы балалары бар отбасылар қамтылды. Түлектер кеші мектепте қарапайым түрде аталып өтілетін болады», – деді Е.Дауылов.


Жазира ДАРХАН