«Базарлардың 90 пайызы талапқа сай емес» – азық-түлік сақтайтын қойма жоқ
«Базарлардың 90 пайызы талапқа сай емес» – азық-түлік сақтайтын қойма жоқ
Фото: Интернеттен алынды
210
оқылды
Үкіметтің онлайн жиынында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елді азық-түлікпен қамтамасыз етуде кездесіп отырған басты проблемаларды атады. Министр ірі сауда орындары мен базардағы бағаларды бақылау проблемасын айтты. Оның айтуынша, базарлардың 90 пайызы талапқа сай емес. «Азық-түлік қауіпсіздігінің қазіргі жағдайы біріншіден өнімді ұзақ мерзімге сақтау үшін сапалы инфрақұрылымның жетіспеушілігімен сипатталады. Бұл ауыл шаруашылық өндірушінің шығынын арттырады. Екіншіден сауда-логистикалық инфрақұрылым нысандарының бір-бірімен дұрыс үйлестірілмеуі тұтынушыға дейін жеткізетін тауар жолын қиындатады. Үшіншіден сауда инфрақұрылымының ескі форматтары өнімді тиімді таратып, ұзақ мерзімге бағаны тұрақтандыруға жол бермейді. Сонымен бірге, еліміздегі көлік-логистикалық жүйенің қымбаттылығы мен тиімділігінің төмендігі транзиттік мүмкіншіліктері мен экспорттық әлеуетті толық ашуға қосымша қиындықтарды туындатады», – деді Бақыт Сұлтанов. Министрдің айтуынша өндіріс пен тұтыну үйлесімі туралы айта келе ішкі нарықтағы сұраныс отандық азық-түлік тауарлары есебінен жабылатынын жеткізді. «Алайда қазіргі инфрақұрылым, жетілдірілмеген логистика, тауар айналымына қатысушылардың өзара нақтыланбаған сауда-саттық бағаның едәуір өсуіне алып келеді. Мұны халық, әсіресе, маусымаралық кезеңде сезінеді. Жыл сайын ақпаннан мамырға дейін, егін қоры таусылып, көрші елдерден жаңа өнім келе бастағанда біз бағаның жоғары тұрақсыздығын байқаймыз. Бұл өз кезегінде инфляцияға теріс әсер етеді», – деді.