Қазақы төбет пен тазы жойылмасын десек...
Қазақы төбет пен тазы жойылмасын десек...
380
оқылды

Ит жүгіртіп, құс салған халқымыз үшін саятшылықтың орны бөлек. Аңшылық – күнкөріс көзі ғана емес, ер азаматтың табиғат аясында демалуына, ептілік қасиетін шыңдауына септігі тиетін өнер. Қазір аңшылық шаруашылығын дамытуда бірқатар өзекті мәселе бар. Соның бірі – ұлттық асыл тұқымды ит түрлерінің, яғни қазақы тазы мен төбеттің күрт азаюы болып отыр.

Қазір қала көшелерінен, қаң­ғыбас иттердің арасынан жеті қазынаның бірі әрі адам бала­сының адал серігі қазақы төбет пен тазыны кезіктіру қиын. Елі­міздегі ит асыраушыларды алаңдататыны да – осы.

Ит тұқымдастарының арасын­да ең ақылдысы – қазақы төбет пен тазы. Асыл тұқымды итті көз жа­нарынан және құлағынан бай­қауға болады. «Аттың жақсысы – бозы, иттің жақсысы – тазы» деп бекер айтылмаса керек. Қазақ тазысының алғырлығы, тектілігі және ерекше жаратылыс екені талай аңыз-әңгімеге арқау болды. Қашқан аңды қалт жібер­мейтін, тіпті қас­қырдан да тайсалмайтын құмай тазыға қашанда сұраныс көп. Тө­беттер де адамның сенімді досы әрі қорғаушысы. Болмы­сының салмақты­лы­ғымен ерек­ше­ленетін олар бей­берекет үріп, айнала­да­ғылардың мазасын алмайды, үй­рен­ген ауласына өте адал. Сырттан келген қауіп­ке ба­тыл той­тарыс береді. Қа­зақы төбеттен туған күшік бір жылдың ішінде өсіп-жетіледі. Бір төбеттің ас-суы мен жағ­дайын жасауға айына орта есеппен 30 мың теңге кетеді екен. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау болмаса, төбет пен тазы тұқымын сақтап қалу қиын дейді ит асыраушылар. Хал­қы­­­мыздың қанына біткен құс­бегілік пен аңшылық кәсіпті қайта жандан­дыр­масақ, ұлттық құнды­лы­ғымыздың бірін жоғалтып алуы­мыз әбден мүмкін.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық уни­верситетінде өткен «Аңшы­лық шаруашылығын жетіл­діру және ұлттық аңшылық түрлерін дамыту» атты ха­лықара­лық ғылыми-тәжіри­белік конфе­ренцияға «Қан­сонар» аңшылар­дың қоғам­дық бірлестіктері мен аң­шы­лық шаруашылығы субъек­тілерінің республикалық қауым­дастығы басқармасының төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, Ауыл шаруашылығы вице-ми­нистрі Ерлан Нысанбаев, Мә­жілістің Аграрлық мәсе­ле­лер коми­те­тінің мүшесі Роман Ким, универ­ситет прорек­торы Қайрат Айтуғанов, АШМ Орман ша­руа­­шылығы және жануарлар дү­ние­сі комитетінің тө­ра­ғасы Қайыр Рыс­келдинов, Ұлттық ғылым ака­де­мия­сының ака­демигі Се­рік­бек Дәукей, Парламент де­пу­тат­тары, ше­тел­­дік және отан­дық ға­лым­дар қатысып, аңшы­лық шаруашы­лығын­дағы өзекті мәселе­лер­ді ор­таға салды. Мұн­дай шара елі­міз­де алғаш рет өткізілді.

– Негізгі мәселе қазақтың тазы мен төбетіне қатысты болып отыр. Олар­дың тұқымын асыл­дандыру, баяғы асыл- тұқымды тазылардың тегін қалпына келтіру, оны Әлем­дік кино­логия орталығына тіркету үшін республи­ка бойынша стан­дарт жасау мәселелері қаралды. Төбеттердің саны өте аз. Сон­дық­тан оны көбейту оңай болмайды. Қазір селекциялық жұмыстар арқылы асылтұ­қым­ды ит түрін сақтап қалуға әрекет етіп жатыр­мыз. Ал тазыдан ең азы 100 бас керек. Олардың қан құрамы толық зерттелмеген. Таза қанды иттерді анықтап, олардан тұқым алу үшін университет ар­найы бағдарлама жасап жатыр. Осы жиын негізінде ұлттық тазы мен төбетімізге қа­тысты бірқатар мә­селе шешіледі деп ойлаймын, – дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агро­техникалық универси­те­тінің «Аңшылықтану және ба­лық шаруашылығы» кафедрасы­ның меңгерушісі Қуаныш Сыздықов.

Аңшы-құсбегі Ернар Мүп­текеұлы аталған шараға Алма­тыдан арнайы келген. 10 жылдан бері ата кәсіппен айналысып келе жатқан ол бүркіт пен тазы асы­райды.

– Арғы аталарымның бәрі бүр­кіт пен тазы ұстаған. Дәстүрді жал­­ғастырып келеміз. Қазір 15 шақ­ты тазым бар. Үйде асы­раймын. Тазы­ны бай­лап, қамап қоюға бол­майды, жат­тық­тырып тұру керек. Сол үшін жү­гіртіп тұ­рамын, күн­де­лікті та­ма­ғын бе­ріп, кү­тіп-бап­таймын. Қыс­ты­гүні аңға шыға­мыз. Бір тазыдан төрт, сегіз ұрпақтан қалу ке­рек. Жеті ата сияқ­ты олар­дың да арғы тегі болады. Әрбір тазының төрт-бес атаға дейін тара­луына алты-жеті жылдай уақыт ке­рек. Осыны қолға алып, көбей­туіміз ке­­рек. Содан соң дү­ние­жүзілік ұйым­­дар келіп, қа­зақ­­тың тазысын кө­ріп, тек­серіп, па­тент­тейтін болады. Қазір Ре­сейден кел­­ген ма­мандар, түріктер патент­теуге әрекет жасап жатыр. Мен де міне, осы қа­зақтың тазысы деп патенттеп, өзі­міз­де қал­дыруға, асылтұқымды ит тұқым­­дарын сақ­тап қа­луға үлесімді қосқым ке­леді. Тазы ұстау үшін оның жағ­дайын жасау керек. Сон­дықтан аңшылық өнерге қызыға­тын жандарға үкімет тарапынан қолдау болса, бұл ша­руашылық жандана түсер еді, – дейді ол.

Қазір ең өзекті мәселенің бірі – аңшылық шаруашы­лы­ғындағы кәсіби мамандардың аздығы. Еліміз бойынша аңшылық кәсіп бойынша білім беретін үш оқу орны бар. Олар Нұр-Сұлтан, Алматы және Семей қалаларында орналасқан.

– Аңшылық шаруашылығы мамандығына республика бойын­ша грант өте аз бөлінеді, тіпті жоқ деп айтуға болады. Балық шаруа­шылығына да солай. Түлектер грант көп бөлінген салаға – техни­калық мамандықтарға барып жа­тады. Грант бөлінбеген соң маман­дық­тың болашағы жоқ деп ойлай­ды. Негізінен, аңшылық және балық шаруашылығы ма­ман­ды­ғын бітірген түлек­теріміздің 70-75 па­йызы жұмысқа орналасып жатыр. Соңғы екі-үш жылда бұл мамандыққа сұраныс көбейді. Орманшылар мен ба­лықшылар қажет. Осы маман­дықты бітіріп, шағын кәсіп ашуға да болады. Қырғауыл, бөдене құстарын асы­рауға болады. Айта берсек, көп. Мұны жастар түсінбей жатады. Қа­зір туризм, жасыл ел, орман шаруа­шылығы деп жатыр, аң шаруа­шылығы солармен қатар жүруі керек. Қазір біраз мәселе көтеріліп жатыр. Мысалы, киік, басқа да қызыл кітапқа енген ұлан, марал деген тұяқты жануарлар бар. Осыларды сақтап қалып, ша­руашылықты дамыту үшін ма­мандықты көтеруіміз керек. Грант бөлуге күш салуымыз қажет, – дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық уни­верситетінің «Аңшылықтану және балық шаруашылығы» кафедра­сының қауымдастырылған про­фессоры Серік Нарбайұлы.


Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ