Қазақстандағы президенттік институттың қалыптасуы мен қызметі еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тарихындағы рөлі 24 сәуір күні өткен «Президенттік басқару формасы: конституциялық негізі және саяси практика» атты халықаралық конференцияда талқыланды. Онлайн форматта өткен конференция Қазақстандағы президенттік институттың құрылғанына 30 жыл толуына арналды. Ұйымдастырушылар: Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры, Конституциялық Кеңес, Абай атындағы ҚазҰПУ, Сорбонна-Қазақстан институты және Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекеттік тарих институты. Конференцияны Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов және Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған жүргізді. Конференцияның күн тәртібін талқылауға мемлекеттік қызметкерлер, жетекші ғалымдар, тарихшылар, саясаттанушылар, құқықтанушылар, Қазақстан және бірқатар шет елдің – Ресей, Франция, АҚШ, Түркия, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы және т.б. жоғары оқу орындарының басшылары қатысты. Конференцияға Тұңғыш Президент – Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков, Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәми, Әділет министрі Марат Бекетаев, Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ, ЕҚЫҰ Бағдарламалық кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо, Еуропа кеңесінің Венеция комиссиясының прездиенті Джанни Букиккио, Ресей Үкіметінің жанындағы Заңгерлік және салыстырмалы құқықтану институтының директоры Талия Хабриева қатысты. Елбасы Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев өзінің құттықтау сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның дамуындағы басты рөлін атап өтті: «Қазақстанның Тұңғыш Президенті реформаларының негізгі өзегі Қазақстанның үдемелі дамуындағы жан-жақты ойластырылған стратегияға әрі көреген саясатқа негізделген. Оны сәтті жүзеге асыру халықаралық қоғамдастықта өзінің лайықты орны бар саяси және экономикалық тұрғыдан тәуелсіз, дербес, егеменді мемлекет құруға мүмкіндік берді». Өз кезегінде конференцияға қатысушылар Елбасының ұлтаралық келісім мен бейбітшілік орнаған мемлекетті қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ баяндамашылар Қазақстанның Тұңғыш Президентінің экономиканың дамуы үшін құқықтық база мен жағдай жасауға, шетелдермен достық қарым-қатынас орнатуға бағытталған қызметінің маңызын атап өтті. Конференцияға қатысушылардың айтуынша, Қазақстанның президенттік басқару формасы қалыптасу және даму жылдарында мемлекеттің демократиялық даму жолында табысты құруын, елде жаңа саяси жүйенің қабылдануын, мемлекеттік институттардың өзара іс-қимылын, тұрақтылығы мен тиімділігін күшейтуді қамтамасыз етті. Конституциялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәми: «Қазіргі қолданыстағы Конституцияға сәйкес, тежемелер мен теңестірмелер жүйесiн пайдалана отырып, заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарына бөлу қағидасы бар биліктің біртұтастығына негізделген түбегейлі жаңа президенттік басқару формасы құрылды. Мемлекеттік басқару тетігі қуатты әрі тұрақты бола түсті», – деді. Еуропа кеңесінің Венеция комиссиясының төрағасы Джанни Букиккио тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда билік институттарының нақты жұмыс істеуін қамтамасыз етудің маңызын атап өтті: «Қазақстан жүйесінде президенттік, атқарушы және заң шығарушы билік деп қатаң бөлінді. Демократияны құруға ниетті кез келген ел үшін билік бөлінісін жүргізу оңай емес. Ал мұнда оның іске асқанын көріп отырмыз. Венеция комиссиясы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін Қазақстанмен жұмыс істеуге дайын». Америкалық саясаттанушы әрі журналист Ариэл Коэннің айтуынша, Қазақстандағы президенттік билік елдегі адам ресурстарын дамытып, инвестиция тартуға үлесін қосты. «Қазақстанда президенттік биліктің орнауы елдің даму жолындағы маңызды қадам болды. Мұны біз елдің саяси, экономикалық, мемлекеттік жаңғыру нәтижелері бойынша көріп отырмыз. Президенттік билікті жүзеге асыру, Елбасының мемлекеттің саяси бағытын пайымдау – барлық жетістіктің, оның ішінде адами капиталды дамыту мен елге инвестиция тартудың түп негізі», – деді А.Коэн. Жалпы, спикерлер президенттік институтты жүзеге асыру республикадағы қазіргі және болашақтағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістер үшін берік іргетас болды деген ортақ пікірге келді. Елбасы Н.Назарбаев 1990 жылы 24 сәуірде алғаш рет Қазақ ССР-нің президенті болып сайланды. Дауыс бергендер Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары еді. Ал 1991 жылы желтоқсанның 1-інде тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтті. Сайлау нәтижесінде Н.Назарбаев басым дауыспен жеңіске жетті.
Әлихан ИСМАН