«Орамжапырақты ешкім алмай, шіріп жатыр» – Шөкеев Үкіметтен көмек сұрады
«Орамжапырақты ешкім алмай, шіріп жатыр» – Шөкеев Үкіметтен көмек сұрады
Фото: Интернеттен алынды
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Үкіметтен өңірдегі биыл жиналған  орамжапырақты өткізіп беруге көмек сұрады. Әкімнің айтуынша, аймақта қазір өтпей жатқан 250 мың тонна қырыққабат бар. «Түркістан облысында 300 мың тонна қырыққабат өндірілді. Бірақ қазір Ресейден сұраныс бірден төмендеп кетті. Біз облыстардың бәрімен меморандумға қол қойғанымызбен олар да алмай жатыр. Сондықтан облыста осындай өзекті мәселемен бетпе-бет келдік», – деді Үкімет отырысына онлайн режимде қосылған Өмірзақ Шөкеев. Түркістан өңірінің әкімі орамжапырақтың бір келісі 10-15 теңгеге дейін төмендеп кеткенін жеткізді. «Фермерлер үлкен шу көтеріп жатыр. Сондықтан министрліктермен бірге мүмкіндіктерді қарастырған жөн секілді. Бәлкім, облыстармен, Ресейдегі логистикалық компаниялармен бірге осы жұмысқа кіріскен абзал. Бізде қазір 250 мың тонна қырыққабат дайын тұр. Оны сатпасақ үлкен проблемаға айналады», – деді Өмірзақ Шөкеев. Үкімет басшысы Асқар Мамин Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа Түркістанның шаруаларына көмек көрсету керегін тапсырды.