Jas Otan Жастар қанатының ерікті жастары жалғызбасты қарттарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жетім балаларға, ардагерлерге, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға және тағы басқа да азаматтарға атаулы көмек көрсетіп жатыр. Аталмыш акцияның II кезеңінде волонтерлар қатарына қазақстандық эстрада өкілдері, тележүргізушілер, актерлер және басқа да өнер майталмандары қосылды. Осы жолғы іс-шараға Тұрсынбек Қабатов, Жеңіс Сейдоллаұлы, Маржан Арапбаева және Әділ Ахметов қатысып, ерікті жастарға қолдау білдірді. – Жастардың осындай қиын кезеңде бірігіп, тұрғындарға көмектесіп жатқаны қуантады. Біз де науқанға волонтер ретінде қатысып, өз үлесімізді қосайық деп шештік. Пандемия тезірек аяқталып, халқымыз қайта бұрынғы қалыпты өміріне тезірек оралса деп тілейміз. Осы ретте індеттен аман-есен өту үшін азаматтарды карантин кезінде сақтық шараларды сақтауға шақырғым келеді. Біз әрқашан халықпен біргеміз! – дейді еріктілер қатарына қосылған Тұрсынбек Қабатов. Бүгінгі таңда Jas Otan-ның 3 000-нан астам еріктілері ел бойынша 65 мыңнан астам отбасын бірінші қажеттіліктегі тауарлармен қамтамасыз етті. Волонтерлар үлестіретін әр қорапта 30 келіден астам азық-түлік бар. Оған бірінші қажеттіліктегі азық-түлік өнімдері, жарма, макарон, күнбағыс майы және шай секілді тауар кіреді. Сонымен қатар азық-түлікпен бірге әр отбасына 50 бетперде үлестіріледі. Айта кетейік, Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған Birgemiz қоры бүгінгі таңда 152 000 аз қамтылған отбасыларға 50 000 теңгеден қаржылай көмек көрсетті. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы 2 000-нан астам дәрігерді 50 000 теңге көлемінде ақшалай қолдады.
Әбілмансұр ЖАСАН