Атырау облысы – еліміздің дамуына серпін беріп, алып жобалар жүзеге асып отырған іргелі аймақ. Республикалық бюджеттің донорына айналған өңір. Азия мен Еуропаны жалғап отырған аймақта өткен жылы құрылыс саласы рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл көрсеткіштің дені тұрғын үй құрылысына тиесілі. Құрылыстың алып алаңына айналған аймақта халықтың игілігіне берілген нысандар да көбейіп отыр. Жайық өзенін жағалай қоныстанған қаладағы сәулетті ғимараттар мен алаңдар, елге танымал тұлғалар ескерткіштердің барлығы тарих пен мәдениет, әлеуметті қамтып, халықтың көз қуанышына айналды.
Жастар жылының жаңалығы
Жастар – барлық прогрестің қозғаушы күші, еліміздің әлемдік аренада бәсекеге қабілеттігінің басты факторы, ұлы даланың дәстүрі мен салтын келер ұрпаққа жеткізер болашағы. Елімізде Жастар жылының жариялануы Елбасының жас буынға арнаған жарқын үндеуіне айналды. «Жастар жылы» мұнайлы аймақта жастарға арналар игі жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік берді. Биыл облыс орталығында оқушылар және жастар сарайы ашылады. Құрылыс жұмыстарымен танысу барысында төрт қабатты ғимараттың заман талабына сай және сапалы салынып жатқанына куә болдық. Жалпы ауданы 19 мың шаршы метрді, құрылыс учаскесінің аумағы 3,5 гектарды қамтитын 4 қабаттан тұратын бұл ғимараттың құрылысы өткен жылдың соңында басталған. Жоспар бойынша биылғы желтоқсан айында пайдалануға беріледі. «Шеврон» мұнай компаниясының демеушілік қаражатымен, «ARSM» ЖШС-ның мердігерлігімен салынып жатқан ғимараттың бірінші қабатында вестибюль, интернет орталық пен медиатека, компьютерлік кескіндеме кабинеті, көпфункциялы зал, көрме музей, тренерлік тир, 300 орындық акт залы, бассейн, 50 адамға арналған асхана, басқа да орындар қарастырылған. Екінші қабатта ағылшын, француз, түрік, қазақ және орыс тілдері, музыкалық-теориялық сабақтар өткізу сыныптары, астрономия, ғаламтану кабинеттері, театр студиялары, өзге де өнермен байланысты бөлімдер орналастырылады. Үшіншісінде физика, экология, өлкетану пәндік кабинеттері, биохимиялық зертхана, жас натуралистер үйірмесі, мүсін жасау, бейнелеу студиялары болады. Төртінші қабатта жас өрендерді заманауи техникалық мамандықтарға машықтандыратын сыныптар мен зертханалар болады. Мұнда балалар әуе мен зымыран модельдеу зертханаларында ғылым мен техника әлеміне, кеме модельдеу-ге, компьютерлік техникаға, электр және радиотехникалық зертханаларға, бейне, фотостудияларға барып, жаңа дағдыларды меңгере алады. «ARSM» құрылыс компаниясының маманы Жәнібек Шәріповтің айтуынша, құрылыс басында 120 адам жұмыс істеп жатыр. Ішкі сылақ жұмыстары аяқталған, ендігі кезекте ғимарат сырты сәулеттендіріледі. Бұдан соң жаңа ғимарат есігі айқара ашылып, оқушылар мен жастар сапалы білім, саналы тәрбие алып, үлкен өмірге жолдама алатын күн туады.
«Сасықсайдың» соңғы күндері таяп қалды
Атырау – экология қаупі жағынан алдыңғы орында. Қала орталығы аумағында орналасқан ірі кәсіпорындар қоршаған ортаны ластаудан алдарына жан салмай отыр. Жергілікті тұрғындар «Сасықсай» деп атап кеткен бу алаңы да қауіпті нысанның бірі. Тазартылмаған кәріз суы талай жылдан бері жерасты сулары мен топырақты, ауаны ластап келді. Жылдар бойы жұртшылық тарапынан айтылған сыни көзқарастар, жанайқай жергілікті атқарушы билікке жетті. Биыл облыс орталығының сол жағалауында жаңа кәріз тазарту кешені іске қосылады. Бас кәріз стансасы мен кәріз тазалау нысандарының алаңынан, биологиялық тоғандар мен булану алқаптарынан тұратын кешеннің құрылысына қаражат жеткілікті бөлінген. Жаңа нысанда тәулігіне 70 мың текше метр кәріз суы тазаланады. Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Аманов: «Қаладағы кәріздік желілер осы қондырғыға қосылады. Атырауда бұрын-соңды мұндай тазарту қондырғысы болмаған. Мақсатымыз – экологиялық ахуалды жақсартып халықтың денсаулығын сақтау. Кешеннен техникалық су шығарылады, ал қатты қалдықтардан тыңайтқыш дайындалады» деп жаңа кәріз тазарту кешені пайдалануға берілгенде табиғатқа келетін залал мөлшері едәуір азаятынын айтты. Соңғы жылдары облыс орталығында қолға алынған жақсы жобаларды аудандарда да жалғастыру дәстүрге айналып келеді. Аудан орталықтарында да көпқабатты тұрғын үйлер мен заманауи әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Соның айғағындай, жаңа үлгідегі кәріз тазарту кешені Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында, Махамбет, Құрманғазы, Доссор, Аққыстау ауылдарында бой көтереді.
Атыраудағы кешен іске қосылғаннан кейін «Сасықсай» жабылады.
1978 жылы салынып, содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген булану алаңы туралы шағымдарға нүкте қойылар күн алыс емес. Облыстық әкімдік алдағы уақытта оң жақ жағалаудан да осындай кәріз тазалау жүйесі кешені мен тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу орнын салу жоспарын жасақтап қойды. Сайып келгенде, бұл жаңа нысандар аймақ экологиясының тазарып, тұрғындар өмірі үшін жайлы болуын қамтамасыз етуге қадам жасамақ.
Исатай-Махамбет алаңында мәрмәр домбыра
Атыраудың көрікті жерлерінің бірі – Исатай-Махамбет атындағы орталық алаң. Алаңды қайта жаңғыртудан өткізу жұмыстары жоспарға сай жүруде. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Аманов: «Жаңартылған алаң биыл қазан айында өтетін Қала күні мерекесінде пайдалануға беріледі», – деп баяндады.
Ел назарын өзіне тартып отырған батырлар атындағы алаңда жаңғырту жұмыстарымен «БатысАльянсСтрой» құрылыс компаниясы айналысуда. «БатысАльянсСтрой» ЖШС-ның бас директоры Әділ Жұбановтың айтуынша, жоба құрылысына алдыңғы қатарлы инженерлік технологиялар қолданылған. «Алаңға 50 мың шаршы метр автоматты суару мүмкіндігі бар екі мыңға жуық гүлзар орнатылады, суару жүйесі компьютермен басқарылады. Алты бассейн мен субұрқақ та осы технологиямен жұмыс істейді. Қазір қаптау, монтаждау жұмыстары жүріп келеді», – дейді Әділ Жұбанов.
Исатай мен Махамбет «біз мұндалап» тұрған орталық алаңда, алтын түстес әшекейлермен безендірілген мәрмәр домбыра түріндегі сәулет композициясы орын алады. Әуезді әуен ырғағына қарай түрлі түске боялатын ғажайып субұрқақ, қызыл-жасыл гүлге толы алқап қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы демалыс пен әсемдіктен ләззат алу мүмкіндігін сыйлайтыны сөзсіз. Исатай-Махамбет алаңындағы Махамбет бала өлеңдері қашалып жазылған жебе ұшы түріндегі мәрмәр тастар да орындарына қойылып, алаңның сәулетін айшықтай түсетін болады.
Егемен елдің тутұғыры алыстан
көз қуантады
Өткен жылы құрылысы пысықталып, жүзеге асуы жоспарланған ерекше нысанның бірі – тутұғыр мен мемлекеттік рәміздер алаңы. Атырау қаласы орталығындағы көшелердің қиылысынан орын алған тутұғыр кешенінің аумағы – 57 шаршы метр, биіктігі – 91 метр. Тутұғырдың екі жағына субұрқақ салынады. Ал артына мәрмәр тастан салынған сәулет композициясы Қазақстан картасы орнатылады. «Кастатор» ЖШС жобалық инженері Асхат Әлианов: «Қазір ауа райы қолайлы болып, инженерлік коммуникацияларды жүргізудеміз. Құрылысқа бетон, топырақ, төсеу жұмыстарына гранит пен мәрмәр қолданылады», – дейді. Айтарлығы, тутұғыр Атыраудың ең биік нысанасы болады. Қаланың барлық жағынан анық көрінетін рәміздер алаңы облыс орталығына сән, салтанат сыйлап қана қоймай, рухты сезінуге ықпал етері сөзсіз.
Жайық өзені – шабыт пен демалыстың кепіл
Жайық өзені – бағалы балығымен ғана тәнті етіп қоймай, өр толқыны мен жағасындағы сәулетті ғимараттарымен магнитше тарту арқылы тебірентпей қоймайтын, ән мен күйге қоспай тынбайтын сұлулығымен көрген жанның жадында қалып қоятынымен ерекше.
Атырауға келген қонақтың Жайық өзенін бір көру үшін жағалауда жүріп өтуді армандайтыны да ақиқат. Облыс тұрғындары да жылдың төрт мезгілінде демалуға осы жерді қолайлы көреді. Қыс мезгілінде балық аулауды ермек етіп, жазда өзен суына шомылудан рақаттанатын жұртшылық Жайық жағалауының сәулетіне көңіл бөлу керегін айтудай-ақ айтып келеді. Осыны ескерген аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев өзен жағасын абаттандыру туралы өткен жылғы халық алдында берген есептік кездесуінде айтқан болатын. «Тұрғындар тарапынан Жайық өзені жағалауының жағдайына байланысты көп шағым-ұсыныстар түседі. Аты-раулықтар өр өзеннің жағасы сұлуланып, көрген жанға ләззат сыйлайтындай абаттандырылуын сұрайды» деген аймақ басшысы жаңа жағалау қаланың басты символына айналатынын атап өткен еді. Халықтың талабы ескерілді. Қазір Бейбарыс даңғылынан Жастар саябағына дейінгі жағалауда айрықша демалыс орнын жасау бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Мердігер мекеме өкілі Мөңке Шлықовтың айтуынша, жағалау үш учаскеге бөлінген. Бұл жерде жағажай, суға түсетін арнайы орындар мен балалар алаңы, веложолақтар, халықтың тынығуына қажет барлық жағдайлар жасалады. Жайық жағасына 155 көше шамы орнатылады. Шағын сәулет мүсіндері мен гүлдер, жасыл алаңқайлар, тал-теректер егіліп, өзен жағасы сұлу келбетке ие болады. Құрылыс 2020 жылдың сәуір айында аяқталады.
Міне, мұнайлы аймақта өткен жылы рекордттық көрсеткішке жеткен құрылыс саласы қарқынын бәсеңдетпей, шаһардың сәулеттік келбетіне сұлулық, адамның жақсы өміріне ықпал ететін бірнеше нысандарды салуды аяқтауға таяп қалды. Бұл күнде еліміздегі құрылысқа және ком-муналдық секторға заманауи технологияларды енгізу қолға алынуы Атырауда құрылысы жүріп жатқан нысандардың сапалы болып, халық тарапынан жақсы бағасын аларына сенеміз.
Атырау облысы