Асанәлі ӘШІМОВ, Қазақстанның Еңбек Ері: Осы сұрақтың жауабын таба алмай жүрмін...
Асанәлі ӘШІМОВ,  Қазақстанның Еңбек Ері: Осы сұрақтың жауабын таба алмай жүрмін...
402
оқылды

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директоры Кенжехан Матыжановтың ұйытқы болуымен Р.Бердібаев атындағы «Халық университетінің» кезекті дәрісін «Заман және замандастар»: Ш.Аймановтан – А.Әшімовке дейін» тақырыбында Еңбек Ері, Қазақстан және КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов жүргізді. «Алаштың Асанәлісі» деген құрметті атқа ие болған аңыз да абыз ағамыздың ойларын оқырманға ұсынып отырмыз.

Театр – шеберлікті шыңдайтын лаборатория

Киелі шаңыраққа келіп отыр­мыз, сондықтан тек қана шындық ай­тылуы керек. Ертеректе осы шаңы­рақта Әбділда Тәжібаев, Әл­кей Марғұландармен кездесуге кел­генім бар. Олардың айт­қа­ны­ның бәрі – тарих, шындық, өнеге. Мен жұмысымды кинодан бас­та­дым. Бірінші курста, 17-18 жа­сым­да «Ботагөзге» түстім. Содан та­рих басталды. Киноға түсем деп оқу­дан шығып қалып, біраз қиын­дық көрген кезім де болды. Сон­да да қиноға түсуді тастамай, кон­серваторияны бітіргенше үш-төрт фильмге түсіп қалдым. Ки­но­ға түсудің әдіс-технологиясын тү­сінбей тұрған кездегі бастау ғой, бірақ бәрі менің пайдама шешілді. Кейбіреулер бірден биіктен бас­тай­ды. «Қыз Жібектегі» Меруерт Өтекешова мен Құман Тастан­бе­ков­тер де бірден биіктен бастады. Одан төмен түсе алмайды, одан жо­ғары және жоқ. Мен эпизодтан бас­тап, біртіндеп төменнен жо­ғары қарай көтерілдім. Бұл – та­биғи қалып.

1956 жылы басталған киноға түсу қазірге дейін жүріп жатыр. «Әруақ» деген фильм түсіріп жа­тырмыз, бұл өзі маған ұнайды. Мұн­да ылдым-жылдым, атыс-ша­быс жоқ. Шалдың фило­со­фия­сы, көп нәрсені білетін, бірнеше тіл­ді меңгерген адам. Жанұясы жоқ. Қаланың өмірі ұнаңқырамай, да­лаға өз бетімен кетіп, өзіне электр стансасын ашып, бау-бақ­ша салады. Қасқырдың бөлтірігін асырайды, жетім баланы бауы­ры­на басады. Оның арманы, фи­ло­со­фиясы – бәрін аяққа тұрғызу. Бұл сол баяғы «Атаманның ақы­рындағы» Шадияровтың 80-дегі тү­рі. Солай бастағанбыз, деген­мен аздап өзгерістер жасап, да­ла­ның көпті көрген шалы етіп көр­сетуге тырыстық.

Кино – танымалдылық, оның ау­қымы, таралымы кең. Театр – ше­берлікті шыңдайтын лабо­ра­то­рия. Маған екеуі де ұнайды, бі­рақ театрдың орны бөлек. Осы отыр­ғанымыздың өзі – театр. Жүз­бе-жүз кездесіп отырмыз. Мұн­дай оқиға екінші рет қайта­ланбайды.

 

Өнерге осылай келдік

Біз әкесіз өскен ұрпақпыз. Әке­міз үш жасымызда соғысқа кет­кен. Еміс-еміс эпизодтар бол­маса, есімізде жоқ. Шешейдің қа­рамағында болдық. Шешейдің өзі жиырмадан жаңа асқан. Менің жағдайыма қарап, қайта тұрмыс құрған жоқ. Жамбыл облысының Сарысу ауданында колхозда жұ­мыс істедік. Жазда орақ орамыз. Ше­шей жалғызілікті болған соң оны бір жылға Новосібірге қара­ғай кесуге жібереді. Әбден шар­шап, қажыған болуы керек, Кен­тау қаласындағы туыстарды жа­ғалап кетіп қалды. Сосын маған ха­бар беріп, соңынан мен де бар­дым. 9-10 сыныпты сол жақ­тан оқып, мектеп бітірдім. Ше­шем наубайханада жұмыс істеді. Күн­де жұмыстан қайтқанда жар­ты келі, бір келі ақ ұн алып келеді. Мен барып түнде көмектесем, нан алып қайтам. Бір жылдай жи­ған ақ ұны үлкен бір қап болды. Райымбек (Сейтметов) екеуіміз сол ақ ұнды базарға апарып сат­тық. Ақ ұн қат болатын. Қыр­сық­қанда ұн сатқан күні жел қатты тұрып, түріміз ешкім танымастай ап­пақ болды. Бірге оқыған ба­ла­лар көріп қоймасын деп ұялып жүр­міз. Ол кезде сауда жасау ұят бо­лып саналатын. Ұнның жарты­сы желге кетті, жартысы бетке кет­ті. Ұнды сатып, қаражат қыл­дық. Шешей «Балам, Алматыға бар, кез келген ит оқу болса да түс» деп батасын беріп жіберді. Біз­дің елде актерлік кәсіпті онша құп көре бермейтін. Әкемнің інісі актерлік оқуға түскенімді естіп, «Тұ­қымы құрысын, басқа оқуға түс» деп шалқасынан түсті. Мені бұл мамандыққа Асқар Тоқпанов алып келді. Ағайды «Ауыл ша­руа­шылығы инстиутының агро­но­мия факультетіне түстім» деп ал­дадым. Шешеме «Ит оқу болса да түс деп өзің айттың ғой, бір ит оқуға түсіп келдім» дедім, ол «Оқи бер» деді. Шешемнің бірауыз сөзі ма­ған дем берді. Ағай көпке дейін ренжіп жүрді. Кейін ҚазМУ-дың сыртқы бөліміне оқуға түсіп, ағама қағазымды көрсеттім. Ки­ноға түсіп жүрмін, оны көрген сайын ағайым «Мынауыңды тас­та» дейді. Ол совхоз директоры бо­латын. Кеңестер Одағының ха­лық артисі атағын алғанда те­лефон шалып, «Мынау әлгі Ермек Серкебаев пен Бибігүл Төлеге­нова­ның алған атағы ма?» деді. «Иә» дедім. «Онда соларды ша­қыр, бір жүз шақты адамға сый-құрмет көрсетейін» деді. Ағайым елдің алдында сөз сөйлеп «Бол­ма­ды енді, сен осы жолмен кет­тің» деп рұқсатын берді. Содан екі жыл өткенде қайтыс болды. Ме­нің өнер саласын таңдағаныма сон­шама жыл қарсы болып кел­ген боп тұр ғой. Міне, біз өнерге осы­лай келдік.

 

Аққудың махаббаты адамда жоқ

«Қыз Жібек» фильмін түсіру – тұтас бір кезең. Оған дейін бізге та­рихи фильм түсіруге рұқсат бер­меген. Мемлекет сол туралы фи­льм түсіру керек дейтін. Мәс­кеу­ге қараймыз. «Қыз Жібек» – бірін­ші рет түсірілген тарихи фи­льм. Мұның өзін Шыңғыс Айт­матовтың күшімен қырғыздар тү­сірмек болған. Димекең (Қо­наев) «Біздің фильмді неге қыр­ғыз­дар түсіруі керек?» деп намыс­қа тырысып, тартып алғандай болды. Рөлдерге сынақ басталды. Қыз Жібектің рөліне 500 қыз түсуге ынта білдірді дейді, рас бо­лар. Экранға түспесе де, сурет ар­қылы сынаққа түскендер көп бол­ды. Бекежан рөліне Ыдырыс Но­ғайбаев, Нұрмұхан Жантөрин, Кәу­кен Кенжетаев, Әнуар Мол­дабеков және мен таластық. Бә­се­келестерім мықты. Сосын театр­ға келіп цехтан костюм мен дулығаны таңдап киіп сынақтан өту­ге бардым. Жамбасыма келе­тін үзінді берілді. Ғабит Мүсірепов менің ойынымды көріп «Бекежан мынау ғой» депті.

«Қыз Жібек» фильмі екі жыл­дай түсірілді. Түсірілім барысында та­лай қызық оқиға болды. Төле­ген мен Бекежанның жігіттері екі­ге бөлініп футбол ойнаймыз, ж­а­былып күресеміз. Хайуа­нат­тар­мен, әсіресе, аққулармен жұ­мыс істегендегі сәттер есте қалды. Ақ­қудың махаббаты адамда жоқ. Бес жұп аққу болатын. Дауыл тұ­рып бір аққу керегеге соғылып өлді. Соның жұбы он күн бойы та­мақ ішпей, сыңарының арты­нан өлді. Әрірек кетіп қалған ақ­қуларды түсірілімге қайтара ал­май біраз әурелендік. Нұрғиса Ті­лендиевтің «Аққу» күйін орын­дағанда бермен қарай таянып, бір-біріне шапақтап ерекше көрініс болды. Сүйіскенде бір-біріне мойындары оралып кетеді екен. Кадрға таянды. Бұл да та­рих. Ипподромда көптеген жат­ты­ғу болды. Жігіттер кішкентайы­мыздан аттың үстінде өстік қой. Қыз Жібек – Меруерт өмірі атқа отыр­маған. Екі-үш ай дайындық­тан соң ат үстінде трюк жасайтын дәрежеге жетті. Тізгінді қоя беріп шабу трюк болып саналады.

«Қыз Жібекте» 30 дубльге дейін түсіретін кездер де болған. Қа­зір бір, әрі кетсе, екі дубль жа­сайды. Сол кездері түсірілген фи­льмдердің негативі Мәскеуде фаб­рикада сақтаулы. Күтімі жақ­сы. Сүртіп, тазалап отырады. Ауа­сы қалыпты ұсталады. Сол жерден қажет кезінде ақша төлеп, шығарып аламыз. «Өзімізге әке­лейік» деген ұсыныс та болған, бі­рақ дәл сол жақтағыдай сақтай аламыз ба, мәселе – сонда. «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақырын» шығарып алдық. Пәлен жылдан кейін үлкен экраннан көргенде, жаның рахаттанады.

Олар өз ісінің шеберлері еді

Режиссер ретінде Сұлтан Қо­жықов, Шәкен Айманов – нағыз өз ісінің шеберлері. Сұлтан үлкен мектептен өткен. Шәкен – тума талант. Ол даланың академигі. Оған қонған. Ол кино емес, басқа салада жұмыс істесе де одан ака­демик шығады. Сұлтанның оқуы, көргені көп. Өзі қызықтау, ерекше адам еді. «Қыз Жібек» фильмі түсіріліп жатқанда, Әнуар, Құман үшеумізді киіз үйде қасына алып алды. Жаспыз, қыздар көп, биге барғың, ойнап-күлгің келеді. Қо­жықов «Ұйықтайсыңдар. Ертең күр­делі түсірілім» деп есікті жауып алып, бізді жібермейді. «Су­ға түскіміз келеді» деп қиқа­лақ­тай бастасақ, «Кейін түсесің­дер!» деп қысқа қайырады. Ерте жатқандықтан түн ортасында оя­нып кетсем, Сұлтан отыр, ал­дын­да шай, күлсалғыш толған, қо­лында темекі. Бір нүктеге қада­лып қалған. Мен де «Қашанғы от­ырар екен?» деп тапжылмай жат­тым. Бір сағаттай отырды. Ер­теңгі түсірілімді ойлап отыр ғой сонда. Осындай адамға қалай ба­ғынбайсың? «Қыз Жібек» фи­ль­мінде сценарий өз алдына ғой, сце­нарийсіз, жердің, автордың ың­ғайына қарай түсірілген эпи­зод өте көп. Кез келген дүниеге шығармашылықпен қарайды.

Мен өлмей, Шадияров та өлмейді

«Атаманның ақырындағы» Қа­сымхан Шадияров – өмірде болған адам. Қасымхан Шанышев деген татаршатыс шалақазақ. Бұл фильмді түсіру – Димекеңнің тап­сырысы. «Известия» газетіне ма­қала шығып, Шәкен (Айманов) жо­лығып қалғанда, «Мынау ки­ноға сұранып тұрған дүние екен» дейді. Шәкең түсіру тобын ұйым­дастырып, іске кірісіп ке­теді. Кино түсіріліп жатқанда, Ша­ны­шевтың алыс туыстары келді. Та­тар ұлтынан. Бұл фильм түсірі­ліп жатқан кезде ұйғырлар да «бұл біздікі» деп таласқан жағдайы бол­ған. Олардың мұндай бай­лам­ға келген себебі – Шанышевтың жа­нында жүрген оң қол, сол қол­дары ұйғыр болған. Махмуд Қо­жамияров деген ұйғыр оң қолы бол­ған. Дутовтың басын кесіп алып, қапқа салып әкелген сол болуы керек. Солай жасамаса кеңес үкіметі сенбейді. Негізгі оп­е­рацияны басқарған – Ша­ны­шев. Ол байдың баласы болған. Бай­дың тұқымысың деп қудала­ған соң ол осы операцияны мой­ны­на алған. «Қиын операцияны жа­сап, сіздердің алдарыңызда өзім­ді-өзім ақтаймын» дейді. Опе­рацияны өте сәтті ұйым­дас­тырады. Бірақ біраз уақыт өткен­нен кейін «Бұл бәрібір байдың баласы, дос бола алмайды, сенуге болмайды» деп ізіне түскен соң тау арқылы қырғыз еліне қарай қаш­қан. Содан қайда кеткені бел­гісіз. Бұл киноны ары қарай созуы­мызға, оның осы күнге дейін «тірі» жүруіне жақсы болды. Мен өлмей, Шадияров та өлмейді.

Кино деген – 50 де 50. Шын­дық пен өмірден өнер жасайды. «Атаманның ақыры» өмірден алынған. «Транссібір экспресі» ойдан шығарылған. Солай болған шығар, осылай болуы керек деген ойдан туған. «Сіз кімсіз, Ка мыр­за?» өзінің қырық жастағы кезін еске алады. Өзіміздің ҰҚК-дегі­лер оны түрмеден шығарып ала­ды. Қайтып келе жатқандағы ойы. «Қайтып келгеннен кейін не іс­тейді?» деген эпизодтарын біраз ойладым. Ақ үйден марапатталып шыққан жерінен фильм басталса деп армандаймын. Ары қарай не істейді? Өзі – 80-де. Бүкіл әлемде не болып жатқанын білетін адам. Бі­летіні көп. Соны пайдалану ке­рек қой. Жақсы сценаристер бол­са, осы фильмді жалғастырып түсірсек деген арманым бар.

Шәкенге ескерткіш

Елдар Оразаев – Шәкен Ай­ма­новтың шәкірті, баласы іспетті бол­ған.

Шәкең қайтыс болғаннан кейін оған бір жақсылық, ет­керт­кіш жасағымыз келді. «Транссібір эксп­ресі» осы мақсатпен түсі­ріл­ген фильм.

Вагонда келе жатып қазақ қы­зының атпен шауып бара жат­қа­нын көріп қалады. Сол кезде «Сіз кімсіз, аға?» деп сұрайтыны бар. Чекистерге мұндай сұраққа ашық жауап беруге болмайды. Елдар­дың қазақшасы онша емес бола­тын. «Осы сұраққа бірауыз өлең­мен жауап беретін болса, оны қай­дан табуға болады?» деп сұра­ды. Ақындардың өлең кітаптарын бі­раз ақтарып көрдім. Сосын Райым­бек досымның (Сейітме­тов) ылғи айтып жүретін:

– «Ей, тәкаппар дүние,

Танимысың сен мені,

Мен қазақтың баласы» деген бір шумақ өлеңі есіме түсе қалды. Қыз­ға кім екенімді айтқан түрім ғой.

Төрт фильмді байланыстырып тұр­ған бір дүние бар, ол – Шә­кең­нің дауысы. «Жиырма бес» әні. Шәкең бұл әнді халық артисі, жездесі Қали Байжановтан үй­рен­ген. Әпкесі қайтыс болғаннан кейін 90-дағы Қалиды Алматыға ал­дырып, бір жыл үйінде бірге тұр­ған. Айту мәнерін Қали Бай­жановтан үйренген.

Мәжит Бегалин «Мәншүк» филь­мін түсіргенде «Жиырма бес­ті» кәсіби әнші Кәукен Кен­же­таевқа айттырмақ болады. Бі­рақ фильмде қарапайым айту ке­рек. Бегалин қайта-қайта айт­қызып, болмай жатқан кезде қаң­ғалақтап Шәкен келіп қалады. Іні­сінен домбыраны алып «Жиыр­ма бесті» айтып берген ке­зі Мәжиттің көңілінен шығады. Фильмде осы ән де Шәкеңнің дауы­­­­сымен айтылады.

Форма бар, мазмұн жоқ

Өткенге, өзіңнен кейінге көңі­лің толмау – заңдылық. Қал­ле­кейлердің де біздерге көңілі тол­майтын. «Өй, қазіргі жастар» деп отыратын. Қазір де онша көңіл толмайтын жайттар бар. Мық­ты режиссура жоқтың қасы. Тұщынып көретін тарихи фильм жоқ. Қазіргі хандықтар туралы түсі­ріліп жатқан фильмдерге көңі­лім толмайды. Форма бар, маз­мұн жоқ. Шауып келе жатқан мың ат, оның өзі компьютермен жа­салады. Дегенмен «Келешекте бо­лады ғой» деп үмітпен қарай­мыз. Жалпы, сериалдарды қабыл­да­маймын. Сериал – өнер емес. Оны түсіріп жатқандар өнердің не екенін білмейді. Өмірден өнер жа­сау керек. Ресейдің «Трак­торист» деген комедиялық филь­мі бар, күлесің, ой түйесің, соны өнерге айналдырған. Мысалы, чекист туралы фильмді алайық, ана жаққа барды, алып келді дей сал­сақ, ол қызық болмайды. Оған жан бітіру үшін түрлі жағдайды қосу керек. Соған бару жолдары, қиналыстары, төбелесі сияқты жағ­дайлар қосылады. Далада келе жатқанда музыка ойнап тұр, бақытты, әйелі алдынан жүгіріп шы­ғады. Әйелі осы уақытқа дейін мұ­ны сатқын деп ойлайды. Че­кист бара жатқан жұмысын еш­кімге айтуға болмайды. Чекистер ара­сында «Халық батырын білуге тиіс емес, ал чекист халқын білуге тиіс» деген тәмсіл бар. Оның қал­тасында не қаламсап, не қағаз бол­мауы керек. Ол болса ұсталып қа­лады. Бәрін жадында сақтауы ке­рек. Оның бетінде ерекше белгі бол­мауы, тап-таза адам болуы тиіс. Міне, бізге осы сияқты маз­мұны терең фильмдер керек.

Талантты адамдар нәзік, қорғансыз келеді

Біздің бақытымызға театрға Әзірбайжан Мәмбетов келді. Дос, пікірлес болдық: режиссер мен ак­тер жақсы тіл табыстық. Мен Әзірбайжанды көтердім, Әзір­байжан мені көтерді. Бұл қатар­ла­сымыздың бәріне тән. Солай болуы керек. Актерсіз режиссер еш­теңе шығара алмайды. Режис­сер, актер, драматург – осы үшеуі қабысса сахналық өнер туады. Осы­ның біреуі кем болып жатса, бір нәрсе жетпей ақсап қалады. Әзірбайжан Әуезов театрын Кеңес­тер одағы бойынша үздік төрт­тіктің қатарына қосты. Ай­наласындағылар сондай адамның жа­нын түсінбеді, қуды, түртпек­теді. Талантты адамдар нәзік, қорғансыз келеді. Ақыры өліп кетті... Ал ол – дарын, тума та­лант. Соны көре алмады. «Өнер­дің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық» деген афоризмім бар. Қиындыққа, шындыққа жол тар, бірақ бар. Бұл да менің күнде­лі­гім­дегі сөз. Білмейтіндер артис­тер­дің өмірі оңай деп ойлайды. Олардың еңбегі сахнаның сыр­тын­да. Сахнаның сыртында ба­рын салып жұмыс істейді, сахнаға шыққанда демалады. Өзін қо­жайын сезінеді. Ұлы актерлер, шынайы дарындар ұзақ жасайды әрі жақсы өмір сүреді. Сахналық кейіпкер, образ жасау адамның жасын ұлғайтады. Өйткені содан ләззат алады. Сахнада рахаттана­ды. Айнала толған гүл. Олар анау-мынау ұсақ-түйек ауруларға бой бермейді. Сондықтан да ұлы ак­терлердің көбі 90-100 жасаған. Ондай ұлылар тек театрда ғана емес, Әуезов бастаған әдебиетте, Сәт­баев бастаған ғылымда да бол­ды. Олар бір-бірімен дос бол­ды. Өткен ғасыр – қазақтың ал­тын ғасыры. Солардың бәрі бір-бірінен үйренді ме, әлде заман туғыз­ды ма, таңқаларлық жағдай, осы сұрақтың жауабын таба алмай жүр­мін...