Telegram мессенджері аудиториясы 400 миллионға жетті. Пандемия басталғалы Telegram қолданушыларының саны өскен. Әлемнің 20-дан аса елінде жиі пайдаланылатын мессенджер қатарына кірген. Telegram-ға күніне кемі 1,5 миллион жаңа қолданушы тіркеледі. 2013 жылы Николай Дуров пен Павел Дуров Telegram желісін көпшілікке ұсынды. Алғашында мессенджер iOS платформасында қолжетімді болғанымен, кейіннен басқа да платформада жұмысын бастады. 2018 жылы мессенджерді қолданатындар саны 200 миллионға жеткен еді. Компания басшылығы ендігіде мессенджер бейнеқоңырау функциясына назар аударатынын мәлімдеді. Бұл – карантин кезіндегі қажеттіліктен туған шешім. Telegram қауіпсіз бейнеқоңырау сервисін жасап шығарады. Әрі бұл қолдануға ыңғайлы болмақ. Сондай-ақ Facebook желісі де топтық бейнеқоңырауға арналған Messenger Rooms сервисін таныстырды. WhatsApp мессенджері болса топтық қоңырау қатысушылар санын төрттен сегізге дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Ал Instagram желісі тікелей эфирді веб-нұсқада көріп, пікір жазуға мүмкіндік беруді көздейді.
А.ЖОЛДАС