4,28 миллионнан астам қазақстандық 42500 теңге көлемінде жәрдемақы алды
4,28 миллионнан астам қазақстандық 42500 теңге көлемінде жәрдемақы алды
© сурет интернеттен алынды
129
оқылды
Төтенше жағдайдың жариялануына байланысты табысынан айырылған 4,28 миллионнан астам қазақстандық 42500 теңге көлемінде жәрдемақы алды, - деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. 28 сәуірдегі жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) 4 млн 280 мыңнан астам қазақстандыққа әлеуметтік төлем тағайындалды. Оның ішінде наурыз айында – 3 млн 732,5 мың теңге, сәуір айында – 547,7 мың теңге. Бүгінге дейін 42 500 теңге мөлшеріндегі төлемді алуға барлығы 8 млн 24 мың азаматтан өтініш түскен. Өтініштердің ең көп саны Алматы облысынан жолданған – 1 млн 45 мың. Кейінгі орындарда Түркістан облысы (999,7 мың өтініш), Алматы қаласы (896,6 мың), Нұр-Сұлтан қаласы (594,6 мың), Шымкент қаласы (534,5 мың) тұр. Келесі өңірлердің тұрғындарына жәрдемақы ең көп тағайындалған: - Алматы облысы – 624,2 мың; - Түркістан облысы – 511,2 мың; - Алматы қаласы – 413,2 мың. «Келіп түскен 3 млн 658 мың өтініш бойынша 42 500 теңге тағайындаудан бас тартылды. Себебі олар ТЖ кезінде табысынан айырылуға байланысты МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемді тағайындау қағидаларына сай еместігі анықталды», - деді министрліктен. Бас тартудың негізгі себептері мынадай: - өтініш берушінің жеке деректерінің дұрыс көрсетілмеуі; - банктік шот нөмірінің дұрыс көрсетілмеуі; - өтініш берушіде тұрақты жалақысының болуы (оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері); - өтініш берушінің төтенше жағдай енгізілгенге дейін ресми жұмыс жасамаған зейнетақы мен жәрдемақы алушы болып табылуы; - өтініш беруші үшін төтенше жағдай режимін енгізгенге дейін соңғы 12 ай ішінде міндетті әлеуметтік аударымдардың, зейнетақы жарналарының жүргізілмеуі, БЖТ төлемеу немесе бейресми өзін-өзі жұмыспен қамғандардың өтініш бергенге дейін БЖТ төлемеуі; - өтініш берушінің қайтыс болуы немесе Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі. Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot адресі бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады. Өтініштің қаралу статусын 42500.enbek.kz сайтында тексеруге болады. Қосымша қарауды талап ететін ерекше жағдайларда азаматтар 42500@enbek.kz, 42500@gfss.kz электрондық мекенжайларына жазбаша өтініш бере алады.