Беларусь президенті Александр Лукашенко 21 қаңтар күні «Ресей Қазақстаннан мұнай тасымалдауға келісім бермей отыр» деп мәлімдеді. Бұл туралы РИА Новости Belta агенттігіне сілтеме жасап хабарлады. «Бұл таңғаларлық жағдай: Біздің одақтас тағы бір одақтас елден мұнайды жеткізуге келісім бермейді. Біз мұны анықтауымыз керек» деп атап өткен мәлімдемесінде Беларусь басшысы.
Иә, Лукашенко Минск мен Мәскеу арасындағы мұнай келісіміне қатысты бұрын да бірнеше мәлімдеме жасап, Ресей өнімінен бас тартып, басқа нарық іздейтінін айтқан. Батьканың бұл жолғы «базынасына» қарап, нақты қадамға баратынын аңғарғандаймыз. Олай дейтін себебіміз, Беларусь ресми түрде импорттың баламалы көздерін атын атап, түсін түстей бастады. Минскі тізіміндегі мемлекеттердің ішінде Украина, Польша, Балтық жағалау елдері және Қазақстан мен Әзірбайжан бар.
Естеріңізде болса, былтыр қазан айының 24-і күні Қазақстанға іссапармен келген Беларусь президенті Александр Лукашенко қазақ мұнайын сатып алуға мүдделі екенін ашық айтқан. Беларусь басшысының сапарынан көп өтпей біздің Үкімет жылына 3,5 млн тонна мұнай және мұнай өнімдерін экспорттауға мүмкіндік барын мәлімдеді. Дегенмен қазақ билігі Батькаға «алдымен «ағаңмен» арадағы мәселені өзің шешіп алсаң, біз дайынбыз деген» емеурін танытқан секілді.
Шынында да, Беларусь қазақ мұнайын құбырмен тартса да, теміржолмен тасымалдаса да, Ресей территориясы арқылы өткізеді. Басқа жол жоқ. Ал ол үшін рұқсат керек. Десек те, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы шарттың 28-бабына сәйкес, осы кеңістіктегі тауарлардың, қызметтердің, капиталдың еркін қозғалысы қамтамасыз етілуі тиіс. Тек тасымалдайтын құбыр Ресей жерінде болғандықтан, тесіліп немесе бітеліп қалмаса болды. Яғни, ЕАЭО шарты бойынша кедергі болмауы керек. Иә, айтып отырғанымыз 1960 жылдары салынған 1 380 шақырымдық «Дружба» құбыры. Әсілі, Кеңес Одағы кезінде ортақ күшпен салынған құбыр кейінгі ЕАЭО шарты бойынша да мүше мемлекеттердің бірге пайдалануына ортақ екені анық. «Демек, Беларусь Қазақстан мұнайын импорттауы үшін одақ ішінде кедергі болмауы керек қой». Батьканың Ресейге қарата батырып айтып отырғаны да осы.
МИНСК МӘСКЕУ МҰНАЙЫНАН НЕГЕ БАС ТАРТТЫ?
Бұған дейін Беларусь шикі мұнайды Ресейден сатып алып келді. Минскіге қажет мұнай көлемі –
15-18 млн тонна. Оның 6 млн тоннасы елдің ішкі қажеттілігіне жұмсалса, қалғаны Беларусьті мұнай өңдеу зауыттарында (МӨЗ) өңделіп, сыртқа экспортталады. Беларусьтердің экспортының үштен бірі де осы мұнай өнімдерінен түскен табыстан құралып келді. Биылғы жоспар бойынша Минск Мәскеуден 24 млн тонна шикі мұнай сатып алу керек болатын. Алайда жыл басынан бері одақтас екі ел ортақ келісімге келе алмағандықтан, жеткізілім тоқтап тұр. Беларусь билігі Ресейден мұнай жеткізілімі бойынша тоннасына 10 доллар деп белгіленген сыйақыны алып тастауды талап етуде. Мұның барлығы ресми Мәскеудің салық саясатын мың құбылтуынан туған.
Жалпы, ЕАЭО туралы шартқа сәйкес, оған мүше мемлекеттер арасындағы өзара саудада кедендік баждар (баламалы қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар), тарифтік емес реттеу шаралары, арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары қолданылмайды. Осы ережеге байланысты Ресей ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге мұнай экспорттаса, ешқандай баж ала алмайды, сондықтан ол басқа елдерге де шығарылатын мұнай экспортына кеден бажын азайтып, бірте-бірте нөлдік ставкаға әкелу саясатын ұстануда. Есесіне, пайдалы қазбалар өңдіруге салықты көбейтіп, одақтың бірыңғай экономикалық аумағына және одан тысқары аумаққа шығарған мұнай үшін алмаған бажын салықтың есебінен өндіріп алады. Яғни, жоғарыдағы «салық маневрі» арқылы Мәскеу жыл сайын мұнайға экспорттық баж салығын төмендеткенімен, есесіне тау-кен өндірісіне салынатын салықты арттырып отыр. Беларусь қаржы министрлігі мәлімдегендей, жоғарыдағы «салық маневріне» байланысты Ресей мұнайының тоннасы жыл сайын 16,4 долларға қымбаттай бермек. Одан Минск тарапы зиян тартады. 2019 жылдың 9 айында ресейлік салық саясатының құбылуынан Беларусь тарапы 240 млн доллар көлемінде қаржы шығындаған. Сарапшылар биыл ол 500 млн долларға, ал 2024 жылы 10 млрд долларға жетуі мүмкін екенін айтады. Оның үстіне, Ресейдегі «салықтық маневр» жобасы соңына жеткен кезде мұнай бағасы әлемдік бағаның 100% деңгейінде болады (қазір 83% дейгейінде).