Мойнақ су электрстансасы жоспарды қалай орындады?
Мойнақ су электрстансасы жоспарды қалай орындады?
393
оқылды

Мойнақ су электрстансасында электр энергиясын өндіру жоспарланған көрсеткіштен асып түсті. Электр қуатын өндіру 350 млн кВт-сағаттан асып, жоспар 113 пайызға орындалған. Бұл туралы «Самұрық-Энерго» АҚ-ның Үкімет және коммуникациямен байланыс кеңсесі хабарлады.

«Станция мамандарының дерегінше, СЭС орналасқан Шарын өзеніндегі су деңгейі былтырғыдан төмен, алайда 4 айда ағып келген су көлемі көп жылғы орташа көрсеткіштен 10 пайызға көп. Бұл ретте, өзеннің жылдық орташа шығыны елеусіз, шамамен 30 м3/с болуына қарамастан, су торабының құрылғыларын ыңғайлы орналастыру, өзен арнасының табиғи бұрылысын және судың шамамен 500 метр болатын биіктен құлауын пайдалану, сондай-ақ тар шатқалдар мен контрреттегіш су қоймасының болуы,  Қазақстанның энергия жүйесінің Оңтүстік аймағында тәуліктік жүктеу кестесінің ең жоғары көрсеткішін жаба отырып, СЭС-тің 300 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіруіне мүмкіндік берді», – делінген хабарламада.

2012 жылы пайдалануға берілген уақыттан бері Мойнақ су электрстанциясы  6,5 млрд кВт-сағаттан астам электр энергиясын өндірген. 

 «Самұрық-Энерго» компаниясы Шарын өзенінің сол жақ тармағын – СЭС-тің су алатын торабынан төмендеу құйылатын Кеңсу өзенінің арнасын қысым тоннелімен гидротурбиналарға су берілетін Бестөбе су қоймасына бұруды қарастырып отыр. Бұл жоба іске асса СЭС-тің электр қуатын өндіру көрсеткіші артып қоймай, энергия нысанының су азайған кезеңге тәуелділігі сезілмейтін болады. 

Мойнақ СЭС Үдемелі индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында және Электр энергетикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес құрылған. Ол Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Шарын өзені бойында орналасқан. Кәсіпорын жоба бойынша бір жылда орта есеппен 1,027 млрд кВт-сағат электр энергиясын өндіреді.