Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрсақов биыл ауызашар қалай берілетінін айтты, деп хабарлайды muftyat.kz. Рамазан айында ораза ұстаған адамға ауызашар беру – сауабы мол амалдардың бірі. Алайда шариғатта ауызашар беру міндеттелген парыз не уәжіп үкіміне жатпайды. Ол адамның өз қалауымен атқаратын сауапты іс. Ауызашарды әркім жағдайына қарай жасайды. Ең бастысы, ысырапқа жол бермей үйінде, дәмханаларда, мешіттерде, тағы басқа орындарда өткізе алады. Дастарқан жаюға шамасы келмесе, Алланың разылығын табу, сауапқа кенелу ниетімен бір құрма немесе бір кесе су берумен де ауыз аштырғандай сауапқа ие болады. Алла елшісі: «Бір құрмамен ауызашар берген адамға да, тек сумен ғана ауыз аштырған адамға да, аздаған сүт берген адамға да бұл сауап жазылады», деген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Рамазан айында ауызашар беру және өткізу тәртібіне қатысты арнайы үндеу жолдаған болатын. Осы үндеуге сәйкес, ауызашар дастарқанын өткізудің арнайы тәртібі белгіленді. Яғни елімізде төтенше жағдайға байланысты Рамазан айында қоғамдық орындар, дәмханалар, мешіттер, тағы басқа мекемелерде ауызашар беру уақытша тоқтатылады. Мұндағы басты мақсат – індеттің таралуының алдын алу, өзінің әрі өзгенің денсаулығына залал тигізбеу. Сондықтан карантин мерзімінде әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізгені дұрыс. Ардақты Пайғамбарымыздың «Ораза ұстаушының аузын аштырса» деген сөзінен түсінетініміз, ауыз аштыру үйге, басқа да орындарға дастарқан жайып, ауызы берік адамдарды шақыру ғана емес. Жағдайды ескере отырып, мейрамханаларға тапсырыс беріп, ауызы берік адамдарға тарату, әлеуметі төмен отбасыларға азық-түлік тарату, ауызы берік адамдарға қаржы беру арқылы да ауыз аштыруға болады. Ауызашар берудің түрін тек дастарқан жаюмен ғана шектеуге болмайды. Жоғарыда айтылған ауызашар беру түрлерімен де ораза ұстаған адамның сауабына ортақтасуға болады. Мұнымен қоса ауыз бекіткен адам ауызашар сәтінде дұғалары қабыл болатынын ескеріп, шын жүрегімен Аллаға жалбарынып, дүние-ақыретіне қажетін сұрап, бұл індеттің тез жойылуын, ауырған адамдарға шипа беруін, елдің амандығын, жұрттың тыныштығын сұрағаны жөн.