Приморский арнасынан Жайық өзеніне ірі қара балықтар ағып келуде. Оның өзі шалажансар мен өлі балықтарға толы. Бір күнде 3 тонна 730 килограмм өлі балық жиналды.
Оларды «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерватының және Орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі аумақтық инспекция қызметкерлері жинап, көмді.
Ал Жайыққа жеткен шаланжансар балықтар сәлден соң су астына жүзіп кеткен. 21 сәуірде болған жағдай, 24 күні де қайталанған екен.
Негізі балықтардың сырт келбеті зақымдалмаған. Бірақ олар өзінен-өзі шіріп, жағымсыз иіс шығара бастаған. Соған орай, Атырау облысы бойынша экологиялық департаменті және «Казгидромет» Атырау филиалының мамандары судың құрамына сынамалар алды.
Нәтижесінде, су құрамындағы ластаушы заттардың рұқсатты мөлшерден аспайтыны анықталды. Тіпті, әлгі балықтардан да сынама алынды.
Ал балық шауаршылығы мамандарының айтуынша, балықтардың өлімі табиғи құбылыс. Каспийден соққан қатты желдің күшінен балықтар сумен бірге көтерілген. Соның кесірінен қара балықтар қамыс арасында қалып, оттегі жетпегеннен өлген.
[embed]https://youtu.be/9pK8P1oJYMY[/embed]
Міне, сол көтерілген судың әсерінен балықтар өлі және шалажансар күйде Приморский арнасына жеткен. Егер де балықтар уланған болса, Жайықтың барлық бөлігінде жайылатынын айтты.
Тұрсын Жұмабекқызы,
Атырау облысы