Дала дидары
Дала дидары
255
оқылды
– Біздің жақта бір ғажап жер бар, – деген еді осыдан көп жылдар бұрын болған іссапардағы өзара әңгімеде жазушы Мәди Айымбетов. – Күлдірдің тақыры деп аталатын оның ерекшелігі ұшы-қиырына көз жеткізгісіз жазықтың үстінде ештеңе өспейтіндігі. Сосын алғашқы көрген адамға ондағы жерді әлдекім трактор катогымен таптап тастағандай әсер қалдыратындығы. Ұшақтардың әуеге көтеріліп, жерге қонатын аэродромы бар ғой. Міне, айдаладағы табиғат ана жасаған ол соның дәл өзі. Иә, содан аумайды

Тақыр

...Қазір біз арада жылдар өткен соң барып, осы жерге келіп тұрмыз. Бұл аудан орталығы Қарауылкелдіден 140 шақырымдай қашықтықта екен. Іргесінде Қопа атты елдімекен бар. Ой шақыру үшін ұзыннан ұзақ созылған құмдауыт алқапқа үнсіз қарап тұрмыз. Шынында алдымыздағы жазықта қылайған қылпық көрінбейді. Көз жетер жердің бәрі ықылым заманнан бергі қар мен жаңбыр суынан нығыздалып тұрып шөгіп, мықтап орныққан қиыршық тасты қалың топырақ қабаты. Жылдың қай мезгілінде де берекені алып, жан таптырмас даланың долы желі бар емес пе. Міне, содан көтерілетін шаң-тозаң мұнда атымен жоқ. Өйткені ондай құм-боранның алғышарты дейтін ұсақ топырақ үгінділері тақтайдай боп қатқаны мына жер қабатының үстіңгі бөлігімен бірігіп-кірігіп кеткен.

– Бұл алқаптың Күлдірдің тақыры деп аталуының сыры неде екен? – дедік біз айналамызға асықпай қарап алған соң.

– Ертеде, – деп бастады әңгімесін ауыл әкімі Мүрсін Байтақұлы. – Осы өңірде Сәңкібай атты дәулетті адам өмір сүріпті. Ол XVII ғасырдағы Әбілқайыр заманында ғұмыр кешкен кісі екен. Міндеті хан әскерін мініс көлігімен қамтамасыз ету болыпты. Осы мақсатпен бай ордадан пәрмен келген сайын даладағы жылқыларын мына тақырға оқтын-оқтын әкеліп иіріп, сарбаздарға ай бойы ат таңдамай ма? Міне, сонда бұл жерде оның кіші әйелі Күлдір есімді анамыздың ауылы отырып, отағасы мен жасауылдарға ас-су әзірлеп беретін болған. Біздің қазіргі айтып жүрген жер атауы содан қалған деседі.

– Дұрыс екен. Ал енді мына тақырдың көлемі қандай? Осы табиғат туындысы туралы өздеріңіз көріп-білген не бар? Соны қазір еске түсіріп, айтып бере аласыздар ма?

Мұны бізбен бірге еріп жүрген жергілікті өлкетанушы Ибраһим Ермекбаев жақсы білетін болып шықты. Ағамыздың бұл жөнінде бірінші айтқан дерегі аудан энциклопедиясын жасаймыз деп жүрген әне бір жылдары олар Күлдірдің тақырын зерттеп көрген екен. Сонда оның ұзындығы – 12, ені 7 шақырымды құрапты. Демек, аталған жер бедері өзіміз сөз етіп отырған сала бойынша еліміздегі ең үлкен массив деген сөз.

Жол­­бас­шымыздың екінші келтірген мәліметі кешегі 70-80 жылдары осы жерге дала аруы – ақбөкендер керемет үйір болыпты. Қос шынары мөлдіреген, дене бітімі өте сүйкімді осы бір бейкүнә жануарлар шілденің шіліңгір ыстығында тұмсығы мен бауырын мына тақырға төсеп, екінді ауғанша тырп етпей жатып алады екен. Сәл де болса жер астындағы салқын лептен күш-қуат ала ма екен, кім білсін... Осыны білетін аңшылар дәл түс мезетінде жетіп келіп, қорғансыз бейшараларды талай рет жусатып салған ғой. Содан олар кейінгі кезде мұнда жоламайтын болыпты. Неткен қатыгездік десеңізші. Оспадарлық деп осыны айтуға болар, сірә...

– Табиғаттың осындай өзгеше көріністері... Мына тақырды айтамыз да... Олар қалай, қандай жағдайда пайда болды екен? – дедік біз қайтуға жиналып жатып. – Бұдан нендей хабарларыңыз бар?

– Ғалымдардың не деп пайымдайтынын білмейміз. Ал осы төңіректегі көнекөз қариялардың айтуынша әңгіме былай, – деп сөзге араласты аудандық газеттің бас редакторы Лұқпан Қадыр. – Тақыр – далалық аймақтардағы сазды топырақтың кепкен құрамынан тұратын беті тегіс, үстіңгі қабаты өте қатты ойыс алқап. Оның айналасындағы басқа жерлер қар кетісімен тез көктеп, шөп өсе бастағанда мұндағы қақ суы тұрып қалған тақыр аталған үдерістен кеш қалады. Сөйтіп, өсіміктерге өте қажет кондициялық кезеңді амалсыз жіберіп алған онда ештеңе өспейді. Ал көктемгі күн қызуынан қақ суы буланып ұшып кеткенде тақырдың үсті тобарсып, беті шытынай жарылған күйі тастай болып қатады да қалады. Сөз орайында бұған осы даладағы ұдайы соғып тұратын өкпек желдің де өзіндік әсері бар екенін айта кеткен жөн. Бірде батыстан, келесіде шығыстан, одан соң солтүстік пен оңтүстіктен екілене ұйытқитын ыстық-суық температурадағы борандар біз сөз етіп алқап топыраған әбден нығыздап тастайды десе де болады.

Әріптесіміздің мына сөзінен кейін біз ұялы телефонымызды қолға алып, «Уикипедияны» іздей бастадық. Мақсатымыз: «Тақыр жөнінде ғалымдар не деді екен?» – деген ой. Босқа әуреленіппіз. Мұнда Kcell де, Beeline да ұстамайтын болып шықты. Ойымыз аудан орталығы Қарауылкелдідегі кітапханаға келген соң ғана орындалды. Ондағы «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясын таптырып алып қарағанымызда, әмбебеп еңбектің 9-томында «Тақыр» тақырыбы бар болып шықты. Авторы – биология ғылымдарының кандидаты Есбол Жамалбеков ағамыз екен. Мақаланы оқып отырып бірден байқағанымыз, бұл кісі пайымдауының да жоғарыдағы Лұқпан Қадырдың көнекөз қариялардан естіген дәйек-деректеріне ұқсастығы еді. Демек, жергілікті жердің адамдары да, ғалымның айтқандары да дұрыс. Тұжырымдары ортақ. Бірін-бірі толықтырып тұр. Есбол Жамалбеков мақаласындағы жалғыз өзгешелік ол тақырдың Ақтөбе өңірінде ғана емес, Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында да бар екенін айтқаны. Бірақ олардың аталған аймақтардағы аты қандай? Көлемі ше? Нақты қай аудан немесе ауыл маңында? Бұл жөнінде ештеңе жоқ. Демек, республикамызда біз білетін, аумағы жағынан да үлкені өзіміз көрген Байғанин ауданындағы осы Күлдірдің тақыры болса керек.

Үйтас

Ақтөбе өңіріндегі Байғанин ауданы аумағында өзіндік ерекшелікке ие бір жер бар. Ол Үйтас деп аталады. Оған бару үшін алдымен Қарауылкелді ауылынан шығып, батысты бетке аласыз. Содан соң айдаладағы елсіз жазықпен бірнеше шақырым жол жүресіз. Сол уақытта көзіңізге қарауытқан үлкенді-кішілі бейнелер шалынады. Жақындап келіп байқасаңыз, бұлар бөлек-бөлек болып дөңкиіп жатқан әртүрлі пішіндегі қойтастар. Олардың саны – алтау. Ең үлкенінің биіктігі – 4,2 метр, ал көлемі 5-6 адамның құшағына әзер сияды

«Адам аяғы жете бермейтін жердегі бұл неғылған тастар? – деп ойлайсыз іштей. – Мүмкін біреулер мұны осында әдейі әкеп тастады ма екен?» Олай дейін десең, бұлар ешқандай КамАЗ бен БелАЗ-ға сиятын дүниелер емес. «Жоқ, әлде... Бұл осында бұрын бір карьер болып, содан қалған белгі ме?» Бұлай деп пайымдауымыздың да еш қисыны келмейтін сиқты. Себебі, өзіміз сөз етіп отырған жерде ешқандай тау-тас немесе қиыршық құм массиві көрінбейді. Төңірек ақселеу тербелген боз жусанды кең дала.

– Осы Үйтас туралы, – деді ойланып тұрған бізді әңгімеге тартқан жергілікті өлкетанушы Ибраһим Ермекбаев, – ел арасында мынадай жорамал бар. Ол: «Бұл аспаннан түскен метеорит жарықшақтары емес пе?» – деген пайымдау. Иә, жарықшақтар... Солай болуы бек мүмкін. Өйткені осыдан мың немесе миллион жыл бұрын әлдебір аспан денесі нақ осында түссе, бұл жерде Сібірдегі Тунгус сияқты алапат ойық орны қалар еді. Көріп тұрсыздар, мұнда ол жоқ. Соған қарағанда бұл метеорит тұңғиық әуе төрінен төменге қарай зымырап келе жатқанда, ауадағы үйкеліс әсерінен шытынап, жан-жаққа ұшқан оның үлкенді-кішілі жарықшақ тастары да болуы мүмкін-ау.

Даладағы тылсым сырын ішіне бүккен жұмбақ тастар туралы өлкетанушы міне, осылай деді. Оған негіз де бар сияқты. Себебі, осы Ақтөбе облысының Байғанин өңірімен іргелес Ырғыз ауданында Жаманшың атты жер бар. Оған осыдан миллион жыл шамасы бұрын метеорит құлаған. Оны 1941 жылы ғалымдар Л.Яншин мен А.Вахромеевтің экспедициясы іздеп тауып, зерттеген. Олардың сонда жазған ғылыми мақаласында мынадай жолдар бар. «...Алып аспан денесі Ырғыздан 40 шақырым жерге келіп түскен. Оның орны 5-6 шақырым аумақты алып жатыр. Метеориттің ауыр салмағы мен жерге соғылғандығы алапат жарылыстан пайда болған ойпаттың тереңдігі 700 метрді құрайды»

Біз көрген Үйтас сол метеориттің жарықшақтары емес пе екен? Ондай аспан денелері жерге жүздеген шақырым қалғанда төңірегіне ірілі-ұсақты тас бөліктерін шашыратып келіп, дала мен орман-тоғай алқаптарын жайпап түсетінін «Дискавери» телеарнасынан көріп жүрміз ғой. Сондағы көрсетілген деректі фильмдердегі өмірлік мысалдарды ескере отырып, Байғанин ауданындағы Үйтас пен Ырғыз өңіріндегі Жаманшың ойпатындағы жарықшақтарды салыстыра зерттеп көру керек деген ой айтпақпыз. Олар біртекті ме, жоқ па? Мәселе, міне сонда.

Алтын сақа

Байғанин өңірінде іссапарда жүргенбіз. Мақсатымыз – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осы жердегі табиғат ғажайыптарын өз көзімізбен көріп, солардың тылсым сырына үңілу-тін. Жұмыс жоспарымыздағы сондай тақырыптардың бірі де бірегейі Ақтолағай борлы тау массиві еді. Оған барар алдында аудандық өлкетану музейіне кіріп, ондағы аталған жер туралы кең панорамалы паннонмен танысуға тура келді. Осы шаруамен жүргенде, көзіміздің залдағы ерекше бір экспонатқа түспесі бар ма?! Ортадағы әйнек витрина астында жалт-жұлт еткен кішкентай зат тұр. Асық екен. Иә, асық. Сырты төңірегіне сәуле шашатын қымбат металл тотығымен лажыланған. Ертегілерде айтылатын алтын сақаға ұқсай ма, қалай өзі?..

Біздің оған таңырқай қарап тұрғанымызды көрген музей директоры Ләззат Жаулина төмендегі әңгімені айта бастады. 90-жылдардағы өтпелі кезеңнің өлара шағы екен. Жарқамыс ауылы маңындағы Қаражар жайылымында қой бағып жүрген шопан әудем жердегі күнге шағылысып жатқан затты көреді. Бірақ алғашында ол сынған бөтелкенің әйнегі шығар деп оған онша мән бермейді. Артынан отарды кері қайырып айдағанда, көзі әлгі жерге қайта түскен қойшы оны қатқан топырақ кесегі арасынан аршып алады. Аударып-төңкеріп қараса, алтынмен апталған асық екен. Соны байқаған ол оны ауылға, одан музейге әкеліп табыс етеді.

– Біз бұл жәдігерді еліміздің сол кездегі астанасы Алматыға жібергенбіз, – деп әңгімесін жалғады Ләззат. – Бір күні Үкімет төрағасының орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтан хат келіп тұр. Онда ол кісі мұның өте құнды олжа екенін сөз ете келіп, алтын сақаны тапқан шопан мен музей қызметкерлеріне ризашылығын білдіріпті. Содан кейін жәдігердің түпнұсқасы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейінде сақталатынын хабарлап, біздің музей үшін дәл сондай көшірме жасалғанын, оны байғаниндік мәдениет қызметкерлері елге көрсететін экспонат ретінде пайдалануға болатынын айтыпты. Міне, мына әйнек ветринада тұрғандар Иманғали Нұрғалиұлының сондағы хаты мен алтын сақаның о бастағы фотосуреті және содан айнытпай жасалған көшірме сақа.

Музей директорының айтуына қарағанда осы өңірден сол уақытта тағы бір алтын асық табылған екен. Бірақ 90-жылдардағы аласапыранда ол жергілікті билік орындарына хабардар етілмей, қолды болып кетіпті. Өкінішті-ақ...

– Айтыңызшы, асық әшекейлі сәндік заттар қатарына жатпайды ғой. Ендеше ол неге алтыннан жасалды екен. Осыған назар аударып көрдіңіздер ме?

– Ертеде ханталапай атты асық ойыны болған, – деді бұл сауалымызға Ләззат. – Қысты күні ұзақ түнде дәулетті адамдар бала-шағасымен, ал ауыл арасындағы той-томалақта қыз-жігіттер өздерінің қатар құрбыларымен соны ермек еткен. Біз сөз етіп отырған жәдігер қалың ел бас қосқан сондай жиындарда әлгі өңір байларының атын шығарып, жұрт назарын өздеріне аудару үшін арнайы жасалды ма екен деп ойлаймыз.

– Иә, солай болуы да мүмкін. Жоғарыда айттық, дала төсінен табылған олжаның өзі елордада, көшірмесі Байғанин аудандық музейінде тұр. Осыны республикалық Археология және этнография ғылыми-зерттеу институтының мамандары көріп, танысса дейміз. Бұл сол мекеме қызметкерлерінің сараптамадан өткізіп анықтайтын шаруасы.

Жанболат АУПБАЕВ,

журналист

Ақтөбе облысы,

Байғанин ауданы