Таразда шетелдіктерге қызмет көрсеткен шаштараз ұсталды
Таразда шетелдіктерге қызмет көрсеткен шаштараз ұсталды
© Сурет ғаламтордан
Тараз қаласында төтенше жағдай талаптарын бұзып, жұмыс істеген сұлулық салоны анықталды. Тараздағы сұлулық салондарының бірінің 25 жастағы шаштараз шебері төтенше жағдай режиміне қарамастан, жергілікті жоғары оқу орындарында білім алып жатқан Түркіменстанның бес азаматының шашын қиюға келіскен. Аталған құқық бұзушылықты полиция қызметкерлері жаяу патрульдеу кезінде анықтады. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін шаштараздың иесіне, шеберге және бес азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Қызмет көрсету кезінде шебер мен тұтынушы арасында жақын және ұзаққа созылатын байланыстың болуына байланысты карантин кезінде мұндай кәсіпорындардың қызметіне қатаң тыйым салынады»,-делінген ведомство мәлімдемесінде.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері карантин режимін бұзғандарды анықтауды жалғастыруда. Төтенше жағдай кезінде облыс бойынша барлығы 886 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Құқық бұзушыларға 186 ескерту беріліп, 250 адамға 10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, 79 дерек бойынша әкімшілік қамауға алынды, ал қалған материалдар сотқа жіберілді. Жамбыл облысының Полиция департаменті азаматтардан ТЖ режимін сақтауды және басқа адамдар бұзған жағдайда хабарлауды сұрайды.