Түркістан облысы Мақтаарал ауданында алаяқ әйел жұртты жұмысқа тұрғызамын деп алдап кеткен. Бас-аяғы 30 адамды сазға отырғызған алаяқ жәбірленушілерге миллиондаған шығын келтірген. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті тұрғындардың бірі тәртіп сақшыларына арызданып келген. Оның айтуынша, бейтаныс әйел «кез келген мектепке жұмысқа орналастырып беремін» деп алдаған. Сеніміне кіріп, ұлы мен күйеубаласын жұмысқа тұрғызу үшін 1,5 миллион теңгеге жуық ақша берген. Алайда артынша жер сипап қалған.
Өзге арызданушылар да алаяқ әйелдің «Мүгедек балаларды оңалту орталығын ашамын, соған медбике, тәрбиеші, әлеуметтік қызметкер, техникалық қызметкер етіп жұмысқа қабылдаймын. Әр жұмыстың өзіндік бағасы бар» деп айтқанын көрсеткен. Сөйтіп, жәбірленушілерден 350-600 мың теңге аралығында ақша алған. Оны ұстау үшін аудандағы тәжірибелі полицейлерден жедел тергеу тобы құрылды.Әйелдің жеке тұлғасы анықталып, бес күн ішінде қолға түсті. Оның Шымкент қаласында тұратын егде жастағы әйел екені анықталды. Күдікті өз кінәсін толық мойындаған. Тергеу барысында анықталғандай, ол осылай алаяқтық жолмен 30-ға жуық тұрғынды алдаған. Жәбірленушілерге келген шығын көлемі 13 млн теңгеден асады. Қазір аталған жайт ҚР ҚК 190-бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.