Мәртебесі асып, мерейі тасыды
Мәртебесі асып, мерейі тасыды
439
оқылды

Адамгершілік қасиеттер мен ұлттық құндылықтар баланың бойына бірінші кезекте отбасы арқылы сіңіріліп, шаңырақтағы шаттық пен өзара сыйластық арқылы өркендейді. «Мерейлі отбасы – мемлекеттің уығы» деген сөзді де осынау ерекшеліктерді жанымен түсіне білгендер айтқан болар. Осы орайда жыл сайын бірнеше кезең бойынша ұйымдастырылып, оза шапқандар елорда төрінде марапатқа бөленетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының берері мол, үйретері көп екенін мойындаған жөн. Жақында осы ұлттық байқаудың облыстық кезеңінің қорытындысы шығарылып, Жетісу жерінің таңдаулы отбасылары санатына іліккендер облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдіуалиевтің қолынан марапаттарын алды.

Биыл байқаудың бірінші кезеңіне қатысушылар қата­ры жылдағыдан артық бол­ды. Сексенге жуық отбасы алғашқы сатыда бақ сынады. Әділқазылар алқасының сұрыптауынан сүрінбей өт­кендер екінші кезеңге жолда­ма алып, қайтара сынаққа түсті. «Жылдың үлгілі отба­сысы» атануға талпынғандар арасында көпбалалы отба­сы­лар, шығармашылық­пен шұғылданатын және өнді­рісті өрге сүйреген, нә­пақа­сын ауыл шаруа­шы­лығынан тапқандар, мұғалімдер, ме­ханизаторлар, споршылар, кәсіпкерлер жанұялары болды.

Талдықорғандағы талай-талай ұлы істерге, шарапатты шараларға, мәртебелі жиын­дарға куә болған Ілияс Жансүгіров атындағы мәде­ниет сарайына жиналған­дарды «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің сәтті аяқталуымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары:

– Бүгінгі мерекенің мәні зор, мағынасы терең, мәрте­бесі аса жоғары! Отбасы – баға жетпес байлық, құнын жоғалтпас құндылық. Мың­жылдықтар сынынан сүрін­бей өтіп, алға жылжыған ға­сырлармен бірге бағасы арта түскен құндылықтарды қадір тұтқан отбасы кез келген қо­ғамның адамгершілік ұста­нымдары мен ұлттық салт-дәстүрлерінің сақтаушысы саналады. Елбасы өзі­нің стратегиялық даму жос­пар­ларында жазылған әлемдегі дамыған мемле­кеттер қатарына қосылу жө­ніндегі міндеттемелерінде еліміздің елдігін сақтап қалу­дың маңызын ерекше атап келеді. Ал мемлекеттің мәр­тебесі әрбір отбасының бү­гіні бекем, болашағы жарқын болуына тікелей байланысты. Сондықтан әр шаңырақта шаттық нұры ойнап, өзара сыйластық пен түсіністік салтанат құрсын, – деген облыс әкімінің орынбасары «Мерейлі отбасы» байқауы­ның облыстық кезеңінде ал­дан көрінгендерді мара­пат­тады.

Үшінші орынға үш бірдей отбасы ие болды. Олар – Еңбекшіқазақ ауданының намысын қорғаған Әлім­бековтер, талғарлық Күш­баев­тар және Кегеннен кел­ген Әлдібековтер отбасы. Бұлардың үшеуіне де дип­ломдар мен 250 мың теңгенің сертификаты тапсырылды.

Алакөлдік Зуевтар, ес­келділік Қасеновтер, жам­былдық Сембиевтер шаңы­рақтары екінші орыннан көрініп, ауылдарына дип­лом­дары мен 300 мың тең­генің сертификаттарын алып қайтты.

Балқаш ауданындағы Бірлік атты ауылдың тірлігін ұйытып, табысқа жетелеп отырған «Бірлік» агрофир­масы мен оның білікті бас­шысы Әбдіжаппар Қыстау­баевты аудан ғана емес, облыс жұртшылығы жақсы біледі. «Құрмет», халықара­лық «Лавры славы» орденде­рі­нің иегері, есімі 2008 жыл­ғы «Қазақстанның үздік адамдары» энциклопе­дия­сы­на енгізілген азамат мықты ұйымдастырушы, білікті бас­шы ғана емес балалары биіктерді бағындырған, не­мерелері жетістіктерімен қуанта білген бақытты ша­ңы­рақтың отағасы болып шықты. Әбдіжаппар Қыстау­баевтың отбасы ұлттық бай­қаудың облыстық кезеңінде топ жарды, екі бірінші орын­ның бірін жеңіп алды.

Кербұлақ ауданындағы ауыл шаруашылығы өнді­рістік кооперативінің төра­ғасы Баясыл Ақбасовтың отбасы да басқалардан оза шауып, бірінші орыннан көрінді. Кеудесіне Қазақстан халқы ассамблеясының «Ал­тын жүрек» медалін және тағы да басқа марапаттарды тағынған Баясыл Ақбасовтың ауылдастарына деген қам­қор­лығы ерекше. Қолынан келгенінше туған жерін тү­летіп жүрген азаматтың бе­реке тұнған жанұясы байқау қорытындысына арналған салтанатқа да құралақан келмепті. Бірінші орынның бірін алған отбасы мүшеле­рінің жерлестеріне жолдаған сазды сәлемдері көпшіліктің көңілінен шықты.

Облыстық кезеңде жеңіс­ке жетіп, бірінші дәрежелі дипломдар мен 1 миллион теңгелік сертификаттарды иеленген осы екі отбасы «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының Нұр-Сұлтан қаласында өтетін респуб­ли­калық кезеңінде жетісу­лықтар атынан сынға түседі.

 

Алматы облысы

Болат АБАҒАН