Қазақстанда коронавирус инфекциясымен ауырған науқасты емдеу үшін күніне 15 мың теңге жұмсалады. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов айтты. COVID-19 індетін жою үшін мемлекеттік бюджеттен 55,9 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде, инфекциялық, провизорлық, карантин стационарына 14,7 миллиард теңге, диагностикалық тексеріске 5,4 миллиард теңге, 35,8 миллиард теңге дәрігерлердің жалақысына қосымша өтемақы ретінде бөлінген. – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры COVID-19 лотымен жұмыс істейтін жеткізушілермен келісімшартқа отырды. Олар облыстық денгейдегі инфекциялық, провизорлық, карантин стационары мен жедел жәрдем стансаларына препарат пен медициналық қондырғылар әкеледі, – дейді Айбатыр Жұмағұлов. Онын айтуынша, қор карантин бойынша ем алуға жатқызу тарифін – 10 413,96 теңге; провизорлық ем алуға жатқызу – 11 619,80 теңге; тәулік бойы инфекциялық бөлімде ем алу 15 113,34 теңге деп бекіткен. – Егер науқастан коронавирус диагнозы анықталса инфекциялық стационарға жатқызылады. ОРВИ немесе пневмония болса провизорлық стационарда тексеріледі, әрі ем алады. Коронавируспен ауырған адаммен қарым-қатынаста болғандар және эпидемиологиялық тәртіп сақталмаған елден келгендер карантин стационарына жатқызылады, – дейді басқарма төрағасы.