Елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілгелі азық-түлік саудасы артты. Дегенмен кейбір кәсіпкерлер шектеулі баға қойылған әлеуметтік маңызды тағамдардың бағасын көтеріп жіберген. Бұл мәселе Үкімет отырысында сөз болды. Премьер-Министр Асқар Мамин кейбір нарық қатысушыларының төтенше жағдайды пайдаланып жатқанын сынға алды. Елімізде электроника мен тұрмыстық техникалар сататын 20-ға жуық ірі сауда дүкені бар. Бұл сауда дүкендерінің көшін Technodom, Sulpak, Mechta секілділер бастайды. Қазақстан сауда желілері одағы олардың соңғы 1 айдан астам уақытта 120 млрд теңгеге жуық қаражат жоғалтқанын айтып отыр. Одақ осы мәселені айтып жуырда Үкіметке хат жолдаған болатын. Ал біз сауда дүкендерінің қанша шығынға ұшырағанын зерделеп көрдік. Наурызда карантин режимі енгізілгенде әр сауда дүкені жұмысқа шыққан қызметкерлерінің жалақысын 20 пайызға көтеруге мәжбүр болған. Тек өңірлерде өздеріне тиісті сауда орындарының желісіне дезинфекция жасау үшін компаниялар 400 млн теңгеден астам шығындалған. Көп ұзамай электроника саудасымен айналысатын компаниялардың барлығы дүкендерін жауып, тауарларын бірыңғай онлайн сатылымға шығарды. Бірақ онлайн сатылым алаңында тауар алмаса да, бағаны көріп, қызықтайтын қолданушылардың саны карантин кезінде 6,1 пайызға төмендепті. Яғни, халықтың электроникалық заттарға сұранысы бәсеңдеген. Дегенмен бұл тұста тағы бір мәселе бар еді. Отандық нарықтағы несиеге сатылған барлық өнімнің 45 пайызын электроника мен техникалық тауарлар құрап отыр. Осыдан-ақ аталған сауда дүкендерінен клиенттер тауарды қолма-қол емес, несиеге алатынын аңғаруға болады. Қолма-қол сауда жасаушылар санаулы-ақ. Бұл – сауда үшін айтарлықтай кедергі. Сонымен сауда дүкендері өкілдері өздеріне төнген дағдарыс кезеңіне қатысты не айтады? Technodom сауда дүкенінің жыл сайынғы табысы 200 млрд теңгеге жуықтайды. Мұндай алпауыт сауда желісі үшін бұл кезең қиынға соққанын аңғардық. Аталған электроника және тұрмыстық техника дүкені өкілі Анна Орлованың айтуынша, түрлі амалға қарамастан, тұтынушы аз екенін айтады. – Дүкендеріміз қазір ашық емес. 27 сәуірде Мемлекет басшысы жасаған үндеуге орай жергілікті әкімдіктер тұрмыстық техника мен электроника дүкендерін ашуға рұқсат беріп жатыр. Алдағы уақытта дүкендерді біртіндеп ашамыз. Әзірге тек онлайн сауда жасап жатырмыз. Бірақ клиенттер аз, жоқ деп айтсақ та артық емес. Түсім болмасы онсыз да белгілі. Сол себепті жақында ойлана келе жаңа мүмкіндігін қарастырдық. Halyk bank-пен бірлесіп тұтынушыларға тауарды 3 айдан 24 айға дейін пайызсыз бөліп төлеп алуға жол аштық. Сұраныс сонда да көбеймей тұр. Халық әлеуметтік жағдайын ойлап отырған сияқты. Компания шығынын әлі де нақтылау керек. Бірақ шығынның орнын карантин бітіп, бәрі дұрысталса да кемінде 2-3 айсыз толтыру мүмкін емес, – деді дүкен өкілі. Ал «Белый ветер» сауда дүкені Талғат Исатаев болса: – Карантин басталғалы бері табыс жоқ десек болады, шындығын айтсақ, 30 сәуірге дейін дүкендеріміздің барлығы жабық тұрады. Сауда жүріп жатқан жоқ, – деді. – Қазір дүкен іс жүзінде жабық. Тек онлайн тапсырыстармен жұмыс істеуге тура келіп тұр. Бізде баға ауқымды дүкендерге қарағанда біршама төмен, орташа есеппен 20-30 пайызға арзандау. Сол себеп болса керек, аз да болса қолма-қол сауда үшін онлайн сатылымдар түсті. Бірақ жалпы табыстың 50 пайызын жоғалтып алдық, – деп атап өтті Еlis электроника мен тұрмыстық техника шағын дүкенінің өкілі Фарит Шаяхметов. Ал Alser сауда дүкенінің маманы Әйгерім Ахметова болса: – Біз де басқа дүкендер секілді онлайн сауда жасап отырмыз. Банктер несиеге тауар беруді толықтай тоқтатты деуге болмайды. Қаржылық әлеуеті жоғары, сенімді азаматтарға несие әлі де рәсімделеді. Бірақ сұраныстың төмендеп кеткені шындық. Басқасын нақты айту қиын, бірақ шамамен 50-70 пайызға дейін табысымыз құлдырады. Сондықтан сырттан тауар тасымалдап жүрген жоқпыз, – деді. Сәуір айының орта ширегінде кәсіпкерлер жағдай осылай жалғаса берсе, елімізде бөлшек сауда банкротқа ұшырауы мүмкін екенін мәлімдеді. Бірақ Қазақстанда карантин режимі жеңілдеуінің арқасында жағдай реттеле бастады деуге болады. Себебі банктер, электроника мен тұрмыстық техника дүкендері біртіндеп ашылып, сақтық шараларын орындап, қалыпты түрде жұмыс істей бастайды. Алайда Қазақстан сауда желілері одағының төрағасы Азамат Осман жағдайды толық тұрақталды деп айту ертерек екенін жеткізді. – Айналымдағы ақшаның жетіспеушілігі қызметкерлер жалақысының төленбеуіне, банк пен тауар жеткізушілердің алдында жауапкершілікті орындай алмауға мәжбүрлейді. Біз ашықхатты Үкіметке сәуір айының ортасында жолдадық. Хатта карантин 1 мамыр күні аяқталған күннің өзінде дағдарыстан шығу үшін 6 ай уақыт керегін айттық. Ал бұл аралықта сауда айналымы 400 млрд теңге шығынға батуы мүмкін екенін де жасырмадық. Онда сіз айтып отырған тұрмыстық техника сатумен айналысатын Technodom мен Sulpak мәселесі де бар. Карантин мерзімі тағы созылды. Дегенмен жаңа мүмкіндіктер ашылды. Мемлекет тарапынан салық бойынша жеңілдіктер жасалды. Алда не боларын бақылаймыз, – деді төраға. Қысқасы, электроника мен тұрмыстық техника дүкендері сауда-саттық жасауға рұқсат алғанымен, тұтынушының дүние алатын ниеті мен мүмкіндігі көңілдегідей болмайтын тәрізді. Өйткені дәл қазір электроникадан гөрі азық-түлікке сұраныс молдау болып тұрғаны жасырын емес.
Мадияр ТӨЛЕУ